Ұлттық бейнелеу өнері

15 Қыркүйек 2017, 16:12 14845

Ұлттық өнер туындыларының жіктелуі

Дарынды тұлғалар Ә.Қастеев, Г.Исмаилова негізін қалаған Қазақстанның ұлттық көркемсурет мектебі өзіндік күрделі даму жолынан өтіп, әлемдік мәдениетте лайықты орнын алды. Бүгінде тұлғалар тағылымын Е.Төлепбай, А.Ақанай, Д.Әлиев секілді таланттар сәтті жалғастыруда. Адам рухының ғажайып дүниелерімен танысу кімді де болса қуанышқа бөлері анық.

Олар қызғылықты кітап та, табиғаттың сұлу көрінісі де, көне мүсіндер де болуы мүмкін. Қалай дегенмен де, осылардың кез келгенінен алған әсерлер жадымызда ұзақ сақталады. Ал қылқалам шеберлерінің қайталанбас туындыларының жөні тіптен бөлек. Олар айналадағы өмірді өзгеше қырынан байқауға жол ашады. Жаратылыс атты ғажайып әлеммен болмысымыздың бір екенін де суреттерге қарап пайымдап жатамыз.

Бейнелеу өнеріне қатысты басылып жатқан кітаптар білім, білік дағдылары, бейнелеу өнерінің күрделі қырларын оқып-үйренуге, белгілі суретшілер шығармаларын көркем-эстетикалық тұрғыдан танып-түсінуге, эмоционалды тебіреніспен қабылдауға мүмкіндік береді. Бірізділік принципі кітаптардың әрбір тарауын баяндау негізіне бейнелеу процесінің қарапайымнан күрделіге қарай, схематизациялаудан жалпылауға қарай дейтін ұстанымға сүйенуі тиіс. Бұл іске тереңірек, саналы түрде және белсенді қатынас жасауға оқулықтарда орналастырылған көрнекі-көрсетілімдік материалдар да көмектеседі. Сондай-ақ, суретшілер шығармаларының негізінде әртүрлі қойылымдардың композиция заңдылықтарымен танысу жұмыстары жүргізіледі. Бейнелеу өнерінің әр түрлі техникалық әдіс-тәсілдерімен танысып, көркемдік бақылаушылығы мен ой ұшқырлығын, фантазиясын дамытады. Сурет – болмысты зерттеудің және бейнелеудің аса маңызды құралы, бүкіл реалистік бейнелеу өнерінің түп қазығы. Бейнелеу шеберлігінің асқаралы биігіне жету, көркем көре білуді дамыту жөне көргендерін өз шығармаларында бере білу нақ осы суреттен басталады. Сурет – бейнелеу өнерінің ең қарапайым, қолайлы да жедел техникасы болып есептеледі.

Сурет өнімді іс-әрекет түрлерінің бірі ретінде өзіне тән ерекшеліктерге ие болып, әрекет етудің ерекше әдіс-тәсілін меңгеруді талап етеді. Сурет әр түрлі өнер түрлерінің шығармаларын жасауда және интерьер, яғни үй ішін безендіруде оқытатын қосымша құрал ретінде қызмет ете алады. Графика – жазамын, сызамын, сурет саламын деген мағынаны білдіретін сурет пен көркемдік шығармалардың баспа түрі. Графика блогының міндеті: оқырмандардың әр түрлі графикалық мәнерлеу құралдарын кеңістікте орналасу күйін беру арқылы көруге және бейнелеуге үйрету. Графика суретшілер іс- әрекетінің өте кең және сан алуан шеңберін қамтиды, оның кескіндемеден ерекшелігі, ол күнделікті өмірде барлық жерде кездеседі. Кітаптағы иллюстрациялар, газет бетіндегі суреттемелер мен кестелер, көшедегі хабарландыру – осының бәрі график-суретшілердің туындылары. Суреттер үшін тақырыпты өмірдің өзі, тарихи кезеңдер немесе фантазиялық ойлар айтып отырады.

Қазақстандағы бейнелеу өнері бір адам ғұмырына ғана жетерлік өте аз мерзімде өзгеру, өсу кезеңінен халықаралық ілтипатқа бөлену шапағатына дейінгі бүкіл даму сатыларынан өтті. Түптеп келгенде, бұл ортаға тарихи тұрғыда тән емес көркем ойлаудың жаңаша үрдісі, жаңаша ұлттық мектебі жасалды. Бұл мәдени құбылыс әлде де зерттеліп, сараланып жатыр. Қазақстанның бейнелеу өнері салыстырмалы түрде жас. Дегенмен, ол әлемдік мәдениетке құлшына да қарқынды еніп келеді. Бүгінгі күндері қазақстандық суретшілер, графиктер мен мүсіншілердің туындылары әлемдегі ірі музейлерді қызықтыруда, 52 халықаралық көрмелерде табысты көрсетілуде, батыстық өнерқұмарлардың әсем жинақтарына сән беруде. Көптеген баспалардан шығып жатқан фотоальбомдар қазақстандық көрнекті қылқалам және мүсін шеберлерінің шығармашылығымен және өздерінің тұңғыш еңбектерімен-ақ Республиканың қазіргі бейнелеу өнерінің лайықты өкілі болу ілтипатына ие болған жас дарынды суретшілердің туындылармен таныстырады. Бейнелеу өнерінің ішінде ең көнесі және ең негізгісі сурет болып табылады. Сурет заңдылықтары мен техникасын және салу әдіс-тәсілдерін үйренбей, басқа бейнелеу өнерінің түрлерінен жетік маман болуы мүмкін емес. Кез келген бейнелеу өнерінің негізі – сурет. Жарнамалық заманның да талабы – ерекше көркем бейнелер болғандықтан, заманымызға сай жарнамалау мен дизайн жасау жолдарының да ең негізін осы суреттен табуға табылады.

Оларды арнайы тақырыптар болмағанымен, бейнелеудің негізі сурет екенін жас мамандар түсінуі қажет, қол жаттықтырып, қиялдың да дамуын оқу-әдістемелік құралдардан үйренуге болады. Суреттің ең басты қасиеті – бейнеленген жан-жануар немесе адам бейнелерінің ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын қаламның құдіретімен тек реңк арқылы көрсете білуінде. Бейнелеудің кескіндеме түрінде де суретшінің көз алдында сурет тұрады, оған ол сүйене отырып пішінін, көлемін, түстік шешімін де табады. Тәжірибелі суретші әрқашанда кескіндемеден өнер туындысын жасауда, сурет туралы ойлауды тоқтатпайды. Сурет дегеніміз – бір заттарды, болмаса табиғат көріністерін жазықтықта бейнелеу. Сурет жай нобайлардан басталып, күрделі құрылыстық сызулармен аяқталып, бар бейне түрлеріне кіреді. Сондықтан бейнелеудегі дағды графикалық ойды көрсету ретінде, әлемді тану тәсілі ретінде және еңбек әрекетінің шартын бейнелеу тілінде ұсыну үшін әр түрлі мамандықтарға қажет. Заттардың пішіні мен құрылысын дұрыс бейнелеуді үйрену үшін, алдымен сурет салуды жақсы игеріп алу керек. Былайша айтқанда, сурет сала білу өз пікіріңді түсіндіріп жеткізе білу болып табылады. Сауатты орындаған сурет түрлі сала мамандарын бейнелеп отырған затты дерексіз бейнелер арқылы елестетіп, қағаз бетіне ойдағыдай түсіруіне мүмкіндік береді. Бейнелеу дағдысы әр салада жұмыс атқаратын мамандарға қажет. Олар жоспарлап қойылған зат-бұйымдарды алдын ала бейне түрінде елестетіп, қажеті болса қағазға түсіруіне мүмкіншілігі болуы керек. Ал ол үшін бейнелеу өнерінің заңдылықтары мен ережелерін және олардың қолданылатын әдістері мен тәсілдерін білу қажет.

Сурет салуды үйрену үшін бейнелеу өнері әлеміне еніп, оның қыр-сырларын және әдіс-тәсілдерін терең жете игеру керек. Сурет салудың алдына қойылған аса бір маңызды шарты, перспектива заңдылықтары мен ережелерін меңгеру болып табылады. Сурет салуды үйрену барысында адамның сезу мүшелері дамып жетіледі, байқағыштық, шыдамдылық, табандылық, қиял, шығармашылық қабілеті және эстетикалық сезімі пайда болады. Суреттің тарихына көз салсақ, сурет көркемдік шығарманың түрі болып ондаған мың жылдар бұрын пайда болған. Бейнелеу өнерінің жаңа түрлері – кескіндеме, мүсін, сәулет және қолданбалы өнерлер пайда болғаннан бері сурет көмекші рөлді атқара бастады. Ал, бейнелеу өнердің қай саласында болса да жұмыс істейтін суретші, шығармашылық ойын сурет арқылы шешеді. Сондықтан, сурет сәндік бұйымдарда, ұлттық шығармашылық заттарда, графикада және адамның айналасындағы барлық бұйым-заттарда кездеседі. Бірақ суреттің бейнелеу өнері түрі ретінде өз бетінше мағынасы бар. Тарихи жанрға өткен тарихи оқиғалар жатады; тарихи майдан жанрында суретші өткен тарихи жауынгерлік, соғыс істерін көрсетеді. Сонымен, сурет белгілі көркемдік шығармашылық бейнелерінен басталып, жай геометриялық денелер, тұрмыстық заттар, адамның бас сүйектері мен бас бейнесін салу, адамның күрделі тұлғасы және жан- жануарлар, табиғат көріністерін бейнелеумен аяқталады. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда Украинаның, Белоруссияның, Мәскеу мен Ленинградтың суретшілері жұмыс істеп, Қазақстандағы бейнелеу өнерінің құлаш жазуына өзіндік үлестерін қосты. Орыс суретшілері қазақ халқының тұрмысы мен тыныс тіршілін бейнелеуге өзгеше бағыт беріп, үлкен әсерін тигізді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, көптеген өнер туындыларына қатысты кітаптар отандық баспаларда көптеп басылып, айтарлықтай мол деңгейде көңіл аударылды.

Дәл кәзіргі уақытта баспа өнімдері тұтынушыға әр түрлі жолдармен жетеді. Егер баспа үйлері кітап дүкендерімен тікелей байланыста болса, онда кітаптың сатып алушыға жету жолы да қысқа болады. Алайда, көп жағдайда кітаптардың үлкен бөлігі дүкендерге көтерме сатумен айналысатын кәсіпорындар арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, таралымның көлемінде де үлкен айырмашылық бар. Казігі кезде өнімді қазақстандық баспалар екі жолмен жүзеге асырады. Бірінші – мемлекеттік тапсырыс, екінші – баспалардың өз қаржысын кітап шығарып, басылымның сұраныс туғызатынына және де табыс әкелетіне үміттену. Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Атамұра», «Жазушы», «Мектеп» және басқа да баспа компаниялары оқулықтар мен әлеуметтік әдебиет шығару қаржы бөлетін Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыстарын орындау арқылы, сондай-ақ жарияланған тендрді жеңіп алу арқылы тұрақты табысқа ие болуға мүмкіндік алуда. Тақырыптық жағына келетін болсақ, қазір ірі баспалар өз бағытын тапты. Бірі тарихты зерттеу, зерделеумен айналысса, енді бірі көркем әдебиетті, бірі көп томдық- тарды шығарып жатыр. Кейбірі тек суретті кітапшалар шығаруға бейімделді. Жалпы, баспа өндірісінде сапа біртіндеп жақсарып келе жатыр. Қазір елімізде 300-ден аса баспа бар. Бірақ кітап таралымы өте аз.

Сондықтан ең өтімді деген кітапты таңдап шығару, тарату қолға алынуы тиіс. Кез-келген баспа өзінің жұмысын жоспарлайды. Баспа бизнесінің еңсесін биіктететін нәрсе – өнімді өндіруді басынан аяғына дейін жүйелі, нақты жоспарлай білу. Мұнсыз ілгері жылжу мүмкін емес. Жоспарлаудың қаншалықты маңызды нәрсе екендігін көп жайттардан білуге болады. Демек, жоспарлау – өмір қажеттілігі. Алдағы ісін көз алдына нақты елестететін адам да, кәсіпорын да ештеңеден өкінбесі анық.

Мақала авторы: Әмір Досхожин

Бөлісу: