Ұлты бар сиыр

12 Желтоқсан 2018, 15:33 15961

Қалмақ сиыры жайлы не білеміз?

Қазақ мал бағуды білген халық. Көшпелі өмір салтын ұстаған халқымыз тек қой мен жылқы, түйе ғана ұстамаған. Сонымен қатар табын-табын сиырлары болған. Иә, бізде қазақтың ақбас сиыры, Әулиекөл сиыры деген тұқымдар да бар. Ал, көшпелі өмір салтына көндігетін сиырдың тек бір ғана түрі бар. Оны ғылымда қалмақ сиыры деп атайды.

Бұл сиырларды жақсылап жемдесе салмақты тез қосады. Климат ауысуына да тез үйреніп кететін тұқым. Себебі, ет пен терінің ортасындағы май - қыста жылу беретін, жазда салқындатып тұратын қасиетке ие. Ас қорыту жүйесі де мықты дамыған. Шөпті қатты немесе жұмсақтығына байланысты талғамай, ауызына іліккенін жей беретін тұқым.   Еті басқа тұқымдағы сиырлардың етіне қарағанда жұмсақ келеді.

Бұл тұқым ішінара екіге бөлінеді: тез жетілетін етті мал, кеш жетілетін етті мал. Бірінші топтағы ірі қара екіншісіне қарағанда ұсақтау, тірі салмағы жеңілірек, сүйек қаңқасы да жеңіл. Терісінің қалыңдығы жағынан екінші топтағы сиырлар алдыға шығады. Айтпақшы, бұндай сиырлардың аналық түйсіктері қатты дамыған. Бұзаулаған соң өз қалпына келуі де жылдам. Қыста жоғалтатын  30-35 келі салмағы бұл сиырдың дені сау бұзау тууына және ол бұзауды сүтпен жарыта алуына еш кедергі келтірмейді. Көктем мезгілінде қыстай жоғалтқан салмағын шамалы күнде қайта қалпына келтіріп алады. Әр түрлі шөптің басын шалып жайылғанды ұнатады.  Жайылым кезінде  15-50 шақырымды жүріп тастауы мүмкін.

Негізгі иелері көшпелі өмір салтын ұстағандықтан, сиырлар ұзақ жүріске шыдамды. Түсі көбіне қызыл болып келеді. Әрегідік шұбар бет сиырлар да кездесіп қалады. Басы аса етсіз, мүйізі ай тәріздес иілген.  Танау және мүйізі ақсұр түсті. Терісі қалың, түгі ұзын. Бұлшық еті айрықша дамыған. Арқасы ұзын, кеудесі мен қабырғасы кең. Аяқтары мықты, жілікті.  Желіні орта көлемді. Шоқпыт биіктігімен есептесек бойы 126-128 см,  кеудесі 68-70 см,  дене тұрқының ұзындығы 155-160 см,  жауырынымен қоса алғандағы кеуде көлемі 186-188 см, сиырдың салмағы 420-480 кг, бұқалары 750-950 келіге дейін тартады. Бір сиыр орташа есеппен жылына 650-1500 кг салмақтағы сүт береді. Сүтінің майлылық көлемі 4,2-4,4%. Бір сиыр шамамен 8-9 ай бойы сүт бере алады. Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстаннан бөлек, Ресейдің бірнеше аймағында, атап айтсақ, Төменгі Волга, Ростов облысы, Калмыкияда, Забайкалье аймағында кездеседі. Шөл және шөлейт жерлерде бұл сиырлардың алдына түсетін тұқымдастары  жоқ десек те болады. Бұл сиырды қолға ұстаудың артықшылықтары: аса қатты күтімді қажет етпейді, көктемде жайылымға ерте шығып, қыста қолға кеш қарайды. Сүт және ет беру өнімділігі жағынан да тиімді. Қажет болған жағдайда қыста қар астындағы шөпті де жей береді. Қалың әрі ұзын түкті терісі қысқа шыдамдылығын арттырады. Иен далада өзін қасқыр секілді жыртқыштардан қорғау инстинктісі өте қатты дамыған. Бұл тұқымның бір ғана кемшілігі жас бұзаулаған кезінде бұзауының жанына тіпті иесін де тақалтпай қоюы мүмкін.

Бөлісу: