Үлкен ауылы атом электр станциясын салуға оңтайлы - инженер

22 Тамыз 2023, 18:15 1723

Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жоспары бойынша жария тыңдауы өтті. Халық арасында оған қатысты екіжақты пікір айтылып жатыр. Осыған қатысты «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков те өз ойын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 

Егер тарихқа көз жүгіртетін болсақ, осы жер 1996-1997 жылы үлкен энергия объектінің ауданы ретінде таңдалған еді. Кейін 2008-2010 жылы Балқаштағы жылу энергия станциясының жобасы дайындалған болатын. Бірақ ол да өзінің аяғына дейін жетпеді. Қазір енді біз үшінші қадамымызды бастық. Жамбыл ауданында атом электр станциясын салуды жоспарға қойдық, - дейді инженер.

Асуан Сиябеков базалық генерация көзі ретінде атом электр станциясын салуға Үлкен ауылдың оңтайлы болып табылатынын айтты.

Базалық энергия көзін атом электр станциялары мен жылу электр станцияларынан ғана аламыз. Ал баламалы энергия көзінен базалық энергияны ала алмаймыз. Өйткені ол ауа-райына, күннің шығуына, батуына байланысты. Сондықтанда үлкен энергия объектісі ретінде Үлкен ауыл таңдалып отыр. Сондай-ақ ауылдан шыққан кезде оңтүстік пен солтүстікті қосатын үлкен электр желілері торабы орналасқан. Осы жерден Алматы қаласына, Жамбыл облысына, Қарағанды облысына қарай электр желісін жеткізу бізге оңай болады. Үлкен ауыл инфрақұрылымдық жағынан да оңтайлы болғандықтан, атом электр станциясын салуға қолайлы деп ойлаймын, - деді ол.

Айта кетейік, Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу мәселесі бойынша алғашқы жария тыңдау өтті. Атом электр станциясын салуға Үлкен ауылының тұрғындары қарсылық білдірсе, министрлік жаңа орын іздеуі мүмкін. Бұл туралы вице-министр Жандос Нұрмағамбетов айтты.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: