Əулиелер шежіресі

27 Тамыз 2014, 03:47

Əулиелер шежіресі

Бекеттің ұстазы Пақыржанның сегізінші ұрпағы Назарбай мен Өзбекстан мұсылмандар Діни басқармасы Науаи уалаятының бас имамы, хатип Сейіт қажы Нəсіреддин Ишанбабаның берген мəліметтеріне қарағанда, Бекет туралы əзірше екі жазба дерек бар. Біріншісі, XVI ғасырда Сейіт Мұхаммед Бақыр жазған «Тəзкерет əл-Əвлия» (Əулиелер шежіресі) атты кітабының жалғасы. Екіншісі, 1813 жылы жазылған «Хəлвəт-е-софиһа»( (Сопылардың оңаша мекені) атты кітап. Бұл еңбектің авторы белгісіз. Бұл шағын кітап орыс тіліне аударылған, түпнұсқаның көшірмесі мен орыс тіліндегі тəржімасы Маңғыстау облысы мұрағатына тапсырылған. Ал, аты аталған екі кітаптың да түпнұсқа қолжазбалары Ташкент шаһарындағы Əбу Рейһан Бируни атындағы шығыстану институтының қолжазба қорында сақтаулы тұр.

Ендігі мəселе – Бекеттің кереметтері хақында сөз болғанда көзге көрінбейтін, тек қана жүрекпен сезе алатын сопылардың рухани дүниесі еске оралады. Сонда ол дүниені сезу үшін таза жүрек керек. Оны бейнелеу үшін тұспалды, йірімі терең сопылық поэзия керек. Ол əзірше қазақ əдебиетінде қалыптасқан жоқ. Ондай поэзия ақынның иманы биіктеп, рухани тазалыққа қол жеткізе алған соң пайда болатыны шығыс əдебиеті тарихынан аңғарылады. Екінші жағынан қазақ тіліндегі рухани кеңістікке арналған сөздерді шыңдау керек. Осы орайда философ ғалым Алтай Тайжанұлы Бекет Атаға арнап жазған мақаласында: «рух, əруақ, əулие, пір, кие» ұғымдарына тоқтап зерделегені орынды бастама.

Рухани əлемге сүңги алатын ақынды дүниеге алып келу үшін қоғамның ортасы жаны жақсылыққа құмар, мəрт мінезді, ақ көңіл, саналы жандарға толыса бастауы керек. Əулиелер елдің рухани құты болғандықтан олардың құтын қашырмау үшін, ҚАЗАҚ-тың ұлы даласын құшағына сыйды- ра алу үшін: кектенгеннен гөрі сүйе білетін, қаһарланғаннан гөрі мейірлене білетін, қастасқаннан гөрі достаса білетін, Алла берген күш-қуатын жамандыққа емес жақсылыққа жұмсай білетін, ел қамын жейтін тұлғалармен толыса түссе пəк текті ақыны да, қаламгері де, зиялысы да, кəсіпкері де, əкімі де көбейе түседі. Адам баласы өз ортасында өзін бар айыптан таза ұстап, өзгені кінəлай бергенше осы «Мен ел игілігі үшін не тындырдым?» – «Кімге қандай жақсылық ойладым?», «Біреудің қуанышына шын жүректен қуана білдім бе?», «Ағайын, дос-жарандардың табыстарына қызғана қарадым ба? Əлде сүйсіне қарадым ба? » деп өзінен сұрай бастап, өз ожданын алдамай дұрыс жауап берсе, берекелі тіршіліктің басы да сол болар еді. Сонда Бекеттің армандаған биік шыңдары көріне бастары да айқын. Сондықтан Бекеттің рухани биігіне жету үшін талай сатылардан өтіп, Аллаға жақындай түсу керек. Бəлкім сонда Бекетпен сырласа, мұңдаса аламыз. Қазақ ондай биікке лайық халық екендігіне оның өткен тарихы куəлік береді. Соны таныйық. Соған сенейік. Ол үшін Алланың берген санасын, жүректің мөлдір сезімін өмір жолымызға шамшырақ етейік. Бекет Ата дүниеуи тіршілігімізге жəне рухани өмірімізге шамшырақ бола алатындай өнегелі тұлға екендігі оның өмір жолынан əбден байқалады. Өйткені, заман өзгерсе де, техника дамыса да адам тəни жəне рухани қажеттілігі үшін тəрбие мен иманға мұқтаж.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: