Әулие бұлақтың жағасындағы сұхбат

13 Қараша 2014, 06:32

«Ұлытау сұхбаты – рухани жаңғырудың жаңа кезеңі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановтың кіріспе сөзі.

Төменде «Ұлытау сұхбаты – рухани жаңғырудың жаңа кезеңі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановтың кіріспе сөзін ұсынып отырмыз. 

— Бүгінгі басқосудың баршамыз үшін маңызы ерекше. Өйткені біз дөңгелек үстел басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлытау төріндегі тарихи сұхбатынан туындаған тағылымды ойларды ортаға салып, ұлт руханиятының іргесін бекіте түсуге тағы бір қадам жасағалы отырмыз. Ұлытау — халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен.

«Қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығы осы Ұлытаудан тараған», - деп атап көрсеткен болатын халқымыздың дана перзенті, академик Әлкей Марғұлан. Қазақтың Алаша, Ақназар, Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары мекен еткен, Едіге мен Тоқтамысты хан көтерген Ұлытау ежелден Қазақстанның саяси өңірінің орталығы, рухани тарихының тірегі, береке-бірлігінің рәмізі болған. Елбасының Ұлытау төрінде Әулие бұлақтың жағасында берген тарихи сұхбаты осы қасиетті өлкені лайықты түрде ұлықтаудың, ұрпақтар сабақтастығын рухани толғаныстар түрінде жаңғыртудың, жасампаз елдің көнермес құндылықтарын ертеңгі буынға аманат етудің өрелі де өнегелі көрінісі.

Ұлы ғұндардан бастау алып, Көк түріктерге ұласқан, Алтын Ордада тамыр жайып, хандық дәуірде кемеліне келген тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен тарихымыз туралы айта келіп, Елбасы: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр, сондықтан тарихымызды таныту үшін көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың бірі —  Ұлытау Ұлы ғұндардың да, Көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер», - деп атап көрсетті.

Атап айтуымыз қажет, Ұлытау біз үшін тарихи-мәдени ескерткіштер молынан сақталған ашық аспан астындағы мұражай.Тарихшылардың айтуынша, Жезқазған, Ұлытау аймағында 687 тарихи ескерткіш бар екен. Алаша хан, Жошы хан, Теректі әулие, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт кесенелері; Ақмешіт әулие, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау, Тамды  тастары хан ордалары секілді тұнып тұрған тарих осы өңірде сақталған. Тіпті кешегі иісі қазаққа қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай өлке, абат мекен, жерұйық іздеп жүрген Асан қайғы бабамыз да Ұлытауға келіп, мәңгі тыныштық тапқан екен.«Асан қайғы бабамыз Ұлытаудағы Ақмешіт әулие деп аталатын қорымда жатыр», - деп жазған Шәмшиябану Сәтпаева секілді ғұлама ғалымның сөзі шындық екенін бүгінгі тарихшыларымыз дәлелдеп отыр. Осының барлығы біздің Ұлытаудың ұлы тарихын ұлықтай түсер шағымыз әлі алда екенін айғақтайды.

Ұлан байтақ далада бір тіл, бір дін, бірегей әдет-ғұрыптың сақталуында Ұлытаудай ұлағатты өңірдің өз үлесі бар екені Елбасы сұхбатында ерекше айшықталды. Осы арнадағы ойларды дін туралы толғаныстарға ұластырған Елбасының: «Тәуелсіздік жылдарында дінімізге қайта оралып жатырмыз. Қазақ ешқашан діннен айрылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай дінмен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Дініміз де, дәстүріміз де қазаққа керек. Біздің дініміз, өзіміздің дініміз», - деген сөздері қазақтың рухани тарихы мен терең тамырлы дәстүріне сынмен қараушыларға берілген пайымды жауап болып табылады. Адамзат қоғамының барлық кезеңіндегідей бүгінгі қоғамда да жасампаз әлеуетке ие шынайы діндермен қатар, дін атын жамылған жат пиғылды діни ағымдар да әрекет етуде. Өскелең буынды олардың жетегінен арашалайтын арда жол, саналылық, сауаттылық пен парасаттылық. Біз дінді шынайы имандылыққа жақындатып оның жақсы жағын алуымыз керек. Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеу, Отанды қорғау, бірлікке шақырау арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады, ол елдің басын біріктіреді. Елбасының осы ой-толғамдарын мемлекет пен діннің қатынасы жөніндегі бүгінгі түйткілді мәселелердің басын ашып беретін, зайырлы мемлекеттегі діннің орны мен маңызы туралы өрелі, батыл әрі жаңаша ойларға жетелейтін тың тұжырымдар ретінде қабылдаған жөн.

Ұлытау сұхбатының келесі бір  қыры —  мемлекеттік тіл төңірегіндегі тоғаныстар. «Тілдің өз қасиеті бар, тіл жоғалатын болса, сол қасиет те жоғалады» деген ойлардан тамыр тарта отырып, Елбасы мемлекеттік тілдің өркендеуіне барлық жағдай жасалғанын атап көрсетті. Тілдің тамырына қан жүгіртудің қарапайым қағидаттарын қайта ой елегінен өткізген Елбасының:  «Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек, қанша адам отырса да соларға аудармасын беріп, қазақша сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкімге «анау сөйтпеді» деп, уәж айтудың жөні жоқ. Тілді қолданып батыл сөйлеуіміз керек, тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек», - деген пікірлері тіл тағдырына алаңдайтын әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналатын ұранды ойлар. Мемлекет азматтарын біріктіретін ең пәрменді құрал  —  мемлекеттік тіл. Оның дамуына өзге ұлт өкілдері де мүдделі болуы тиіс. Ал, тіл тағдырымен қоса алаңдауды үнемі қажет дейтін көпұлттылық біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз. Өз тіліңді қастерлей жүріп, өзге тілдерді үйрену әлемдік өркениетке араласуға сара жол ашпақ. Қазақстандағы мемлекеттік тілдің —  қазақ тілінің болашағы зор, оны белсене қолдану және байыту қажет. Елбасының Ұлытау төріндегі сұхбатынан тамыр тартатын руханият төңірегіндегі орамды ойларының бір легі осы тектес.

«Қазақ тарихы — қастерлі тарих. Ұлытаудың ең биік шыңы Әуиеата болса, баурайындағы бұлақ та Әулие бұлақ делінеді. Сан ғасыр бойы ұлттың ұйытқысы болған қасиетті Ұлытау болашақта да, тарихтың тәу етер қастерлі мекені болып қала бермек. Әулиелі жерден қуат алған халықымыз ата-баба жолымен жүреді, ол жол сара жол —  мәңгілік елдің жолы», - деп атап өтті Елбасымыз. Мәңгілік елдің тірегі — мәңгілік құндылықтар. Көнермес құндылықтарға бай тарихымыз бен бейбіт күннен өнеге ала білген бүгініміз бізді бағдары айқан болашаққа жалғастырады. Осы бағыттағы сотқалы ой, сындарлы пікірлерді сарапқа салған Ұлытау сұхбаты бүгінгі Қазақстан қоғамының рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айғақтайды. Ол кезең еңсесін тіктеп, әл-ауқатын арттырған, тұрмысын тұғырландырып, өзгеге өнер боларлық деңгейге көтерілген Қазақстанды ұлт еткен қастерлі құндылықтарды қайта безбендей отырып, бүгін мен болашақтың рухани бағдарына сара жол салған тарихи кезеңі болмақ. Үзілмеген ұрпақтар сабақтастығының ұлағатты нәтижесі ретінде туындаған Ұлытау төріндегі толғаныстар рухани өміріміздегі ұлт ұстанымдарының негізгі тіректеріне айналмақ. Сөз соңын Елбасының тұжырымдарымен түйіндер болсақ: «Бабаларымыздың ойлаған ойы мен арманына әр уақытта табынамыз, асар белесіміз әлі алда».

Бөлісу: