Ұлы адамдар өмірі: Тұманбай Молдағалиев

26 Ақпан 2019, 16:53 14360

Қазақтың біртуар ақыны жайлы 10 дерек

Өн бойынан өлең құйылып тұратын, қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұлға – Тұманбай Молдағалиев артына өшпес мұра қалдырды. Оның мұрасы 20 томдық кітапқа жетіп артылады. Өзінің айтуынша, өлең жазуды Ақши мектебінде оқып жүріп бастаған. Ол 5-сыныпта оқып жүргенде сыныпқа жаңа келген бір бала өлең шығаратынын айтқан екен.  Ал бала Тұмаш өлеңді тек Абай мен Жамбыл ғана жаза алады деп ойласа керек. Әлгі оқушыға еліктеп, қолына қалам алып, ойына келген жыр шумақтарын қағазға түсіруді бастап кетіпті. Міне, содан өмірінің соңына дейін күндіз-түні тоқтамай қара сөзден алтын теріп, өлең жазумен айналысты.

1. Анасының өгей екенін білмей өскен

Ақын туған ата-анасынан  ерте айырылыпты.  Алайда өгей шешесі туу туралы куәлігіне «анасы» ретінде түскен. Сол себепті де, ақын ол кісіні «өгей» екенін де білмеген. Қамқа анасы о дүниеге аттанарда, баласын шақырып, өзінен емес, абысынынан туғанын айтып кетіпті. Бұл жайтқа ақын сенгісі келмеген. Себебі, анасы тек мұны емес, ауылдағы барлық балаларды бауырына басып, асқан мейірімділікпен өсірген. «Мені мейірімді жан тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде мейірімді болуым соның арқасы шығар», – дейді ақын бір сөзінде.

2. Досына 104 өлең арнаған ақын

Тұманбай Молдағалиевтың дүниесіне, оның жыр әлеміне ентелеген кез келген адам досы Едіге Сапаев есімімен таныс болады. Бұл екеуі өмір бойы достықтың туын биік ұстап, қызғаныш, өзімшілдік, өктемдіктен ада болып, кейде туған бауырларда кездеспейтін бауырмалдықпен ғұмыр кешіпті. Тұманбай Молдағалиев қанша атақ-абырой жинап, ел алдында еңселі болса да, досының қасында қарапайым, ақкөңіл жанға айналып шыға келетін. Бүгінде бәріміз білетін «Жан досым» әні дәл осы досы Едігеге арналыпты. Ақын бертінірек баспасөзге берген сұхбатында: «Өмірде  біздің кінәмізден ешкім жылап көрмеді. Біз тек қиянатсыз әлемді аңсадық. Екеуміздің бір-бірімізге сенгенімізге, малымызды қоса бірге айдағанымызға, жанымызды қосып жібергенімізге, міне жарты ғасыр болыпты» дейді. Олардың бірден дос болып кетуіне жетімдіктің де әсері болса керек. Алғашында мектеп-интернатта бірге оқып, артынан оқу орнында бір факультетті аяқтайды. Досының бір естелігінде мектеп бітіріп жатқан уақытта ұстазы Тұманбайдан «Енді қайда оқуға бармақсың?» деп сұрайды, сонда ақын жігіт «Өзімді әдебиет маңынан көремін» деп жауап қатыпты, сосын апайы Едігеге бұрылып, «ал сенің қандай жоспарың бар?» деп сұрағанда, ол жұлып алғандай, «Мен Тұманбайдан қалмаймын» депті.

Араларынан қыл өтпестей дос, бауыр болған Едігеге ақын 104 өлең арнаған екен. Ақынның жары Күлтай Қасымқызы екі дос арасындағы мынандай бір әңгімені баяндап береді. Едіге бойы орталау болса да, өте мығым, денелі жігіт болыпты. Студент шағында Ақмола облысы маңына науқанға барғанда, бір топ жігіт Тұманбай ақынға қыр көрсеткен көрінеді. Мұны естіген досы «оларға көресінді көрсетемін!» деп ашуға булығып, түні бойы көз ілмей жоспар құрады. Алайда, ертеңінде әлгі жігіттер өз қатесін түсініп, ақынның алдына кешірім сұрауға келіпті. Сондықтан ба, ақын «Едіге мені үнемі қорғап жүретін» дейді екен.

3. Нағыз футбол жанкүйері болған

Ақынның таңертең серуенге шығатын жақсы әдеті болыпты. Кей күндері сағат алтылар шамасында тауға кетіп, үйіне екі сағаттан соң оралып, жұмысына жиналады екен. Оған қоса, футболды жан-тәнімен жақсы көріпті. Өмірінің соңына дейін ала доптың нағыз жанкүйері болған. Телеарнадан көрсетілетін әрбір ойынды өткізбей қарауға тырысыпты. Жары Күлтай Қасымқызының айтуынша, футбол ойындары басылған көптеген дисктерді жинаған. Ақын жұмыс пен жазудан шаршаған сәттері, сол дискілерді қосып, шын беріле қарап алатын дейді. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі аяқдопшылардың есімін жатқа біліпті. Әсіресе, футбол королі Пеленің ойынын сүйіспеншілікпен қараған. Алматылық «Қайрат» клубына да шын  жанкүйерлік танытқан. Балалары мен жан жарын да футбол матчтарына жиі ертіп барыпты. Тіпті, 2006 жылы Германия елінде жалауы желбіреген әлемдік доданы да арнайы барып көрген екен.

4. Балаларын суда жүзуге үйреткен

Ақынның өмірлік серігі Күлтай Қасымқызының сөзінше, балаларының ешқайсысы қаламгерлікке жолы түспеген. Бір жағынан ақынның «менің жолымды қумаса» деген тілегі де болған сыңайлы. Тек Жазира атты қызы филология мамандығына түсіп, бұл күндері ҚазҰУ-да оқытушы болып жүр. Әр жаз сайын Жазушылар одағынан ақынның отбасына Қара теңізге демалуға жолдама келеді екен. Онымен қоса, ақын ұл-қыздарын ертіп, демалыс орындарына жиі барған. Сонда балаларының суда еркін жүзуіне аса мән беріп, өзі үйреткен екен.

5.  «Бес жапырағым бар еді, бір жапырағым желге ұшты»

Өзі жетімдікте өскен қаламгердің балаларына деген махаббаты ерекше болған. Олардың әрбір жетістігі өлең боп өрілген екен. Әсіресе, тұла бойы тұңғышы Құралайға арнап бір емес, екі жинаққа жетер жыр жазылған. «Құралайым», одан келіп «Құралай және оның бауырлары» деген кітаптары жарық көрген. Әкесінің ақ үмітіне лайық Құралай да өте дарынды болыпты. Алыс Мәскеудегі физикалық инженерия институтына өзі барып, қабылданған. Бес емтихан тапсырып, сүрінбей өткен. Күлтай Қасымқызы тұңғыштарының әрбір сәтті тапсырған емтиханына қуаныштан үйде дастархан жайылғанын айтады. Қызының жетістігі ақын жүрегін қуанышқа толтыратын. Алайда, Құралайының ғұмыры қапыда шорт үзілген. Қайғыдан көкірегі қарс айырылған ақын, бір сөзінде «бес жапырағым бар еді, оның бірі желге ұшты» дейді. Ақынның алғашқы кітабы 1957 жылы, дәл қызының туған жылында жарыққа шыққан. Соған орай, Молдағалиев ол жинақты «Құралайдың құрдасы» дейді екен.  

6. Арнау өлең жазудың нағыз шебері

«Тұңғыш арнау жырымды бір жыр кешінде оқығанмын. Оны тыңдаған атақты жазушы Тахауи Ахтанов: «Тұманбай, сен осы арнау өлеңдеріңді дамыта берші. Бұл – ода емес. Адамның шығармашылық келбетін жасайтын жақсы дүние екен» дегені бар», – дейді ақын. Осы сөзден демеу алған Молдағалиев тұрақты түрде арнау өлеңдер жазып жүрген. Ақынның айтуынша, өлең арнап жатқан тұлғаңды жақсы білуің, жақсы көруің керек. Егер олай болмаса, тұщымды өлең шықпайды. Сол себепті, ақын кімге жыр шығарса да, оны жақсы танып, сүйіп, құлай беріле арнаған. Кей кездері жас жұбайларға жазған арнауы тек ақ тілектен құралған. «Оның кейбірі сәтті шықса, кейбірі орталау болатын» – дейді өзі. Адамдарды шын жақсы көрген ақын, тағы бірде «осы ғаламда мен ұнатпайтын адам жоқ сияқты» депті.

Молдағалиевтың арнау өлеңдері жайында ақын Мұзафар Әлімбаев: «Тұманбай арнау өлеңдерді жиі жазады деп жақтырмайтын кісілер жетіп артылады. Арнау өлең – сол заманның, адамның қадірін білу. Оның қадір-қасиетін жұртшылыққа жеткізуші деп білемін. Арнау жырларды өз деңгейінде жазған Сырбай Мәуленовтен кейінгі ақын осы – Тұманбай», – дейді. Әлімбаев Тұмағаңның бұл тағы бір артықшылығы деп бағалаған. 

7. Өлеңдерін әзілмен әрлей бастаған

Өмірінің соңына қарай ақын өзінің әзілкештігін өлеңге өріп, басқа қырынан таныла бастаған. Мұны уақытында байқаған ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді: «Тұманбай өз болмысында әлгі Қадыр секілді сайқымазақ емес қой. Қадыр дегенің жай отырғанның өзінде жырларына юморды қаптатып жібереді. Тұманбайдың соңғы уақыттары юморға ден қойып, қазаққа тән ақ жарқындылықпенен жанының ашықтығын өлеңге сыйдырып, әшекейлеп, парасатты көрсетіп жүргеніне өз басым дән риза болып жүрмін». 

8. Өмір бойы сенбісін өлең жазуға, жексенбісін демалысқа арнаған

Тұманбай Молдағалиев саналы ғұмырын еңбектенумен өткізген. Бір сұхбатында демалуға арналған екі күннің тек жексенбісінде ғана тыныққанын айтады. Ал сенбі күнінің кестесі былай болған: таңғы 7:00-ден 9:00-ге дейін монша қабылдап, одан кейін 16:00-ге дейін өлең жазуға кететін уақыт. Бұл кейінірек 14:00-ге дейін қысқартылған көрінеді. 4-5 сағатын міндетті түрде өлеңге арнаған ақын шын мәнінде өндіріп жазды. «Бір жетіде жиналған ойдың барлығын қағазға түсіре беремін. Түнде бола ма, күндіз бола ма шала-шарпы өлеңдер жазамын. Кәдімгі отырып алып жаза беремін, жаза беремін. Қаншама жылым осылай өтті», – дейді ақын.

9. Ұшақта да жыр жазған

«Мен өмір бойы ақындықты қуалаған адаммын. Бір адамға лайықты қазақтағы ақын жұмысын мен істедім десем де болатындай. Өзімді токқа тығылған шәйнектей сезіндім. Жүріп бара жатқан көлікте де өлең кіреді, тоқтатып ойыма келген жыр шумақтарын қағазға түсірген кездерім де болды. Сосын самолеттің ішіндегі уақытым өлең жазумен өтті» – дейді. Ұшақта бос отырғанды ұнатпайтын ақын әрдайым жазу жазып отырған. Себебі, ол биіктікті сондай қатты жақсы көрген. Молдағалиев ақындық өнерін биіктік деп бағалапты. Өлең жазып болған соң, оның патша көңілі сондай биіктікке шығып, қалықтайтын. «Мен өзімді құстардың ар жағында, жоғарыда ұшып жүргендей сезінетін едім», – дейді.

10. 500-ден аса өлеңіне ән жазылған

Ақын өмірінде бірде-бір рет сазгерге барып, өлеңіне ән жазуын өтінбегенін айтады. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің» секілді әндер Шәмші Қалдаяқовтың тапсырысымен өмірге келген. Молдағалиевтің сөзінше, Шәмші әнін өзі дайындап алып келеді де, екеуі бірнеше рет орындап, көңілге сіңірген соң ғана мәтін жазуға кіріседі. Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің өзі ақынды шақырып алып, жаңа әннің сөзін жаздырып алады екен. Көптеген сазгерлер әнге лайықты деп таныған өлеңдерін кітаптан өздері таңдапты.    

«Қателеспесем, 500-ден аса өлеңіме ән жазылған. Оның көбін әуесқой сазгерлер шығарыпты», – дейді ақын.

«Тұманбайдың аса қадірлі көрінетін тағы бір ерекше қыры – ән өлеңдерінің нағыз шебері болуы. Оның сөзіне жазылған көп әндері халық сүйіп тыңдайтын дүниелеріне айналды. Бұған мен аса қызыға қараймын. Бір тақырыпта, мысалы махаббат тақырыбында Тұманбайдай ән жазып көрші. Ол ешқашан өзін-өзі қайталаған емес. Әр өлеңінде жаңа бір тәсіл, жаңа ой бар. Жаңа асыл сезім сыйлайды», – дейді Мұзафар Әлімбаев.

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: