Ұлы адамдар өмірі: Ахмет Байтұрсынұлы

29 Қаңтар 2019, 09:30 10135

Ахмет Байтұрсынұлы өмірінен 10 дерек

"Өткенсіз болашақ жоқ" дегенді жиі айтамыз. Ел тәуелсіздігін аңсап, кемел келешекке сенген батыр бабаларымызбен мақтанғанды жақсы көреміз. Бірақ сол ұлы идея жолында қанша ғұмырдың "морт сынып", қанша шаңырақтың ортасына түскенін бағамдай бермейміз. Бүгінгі Ұлы адам сол идея жолында өлімді де қасқая қарсы алған - Ахмет Байтұрсынұлы.

1. Ыбырай негізін салған мектептің түлегі

13 жасында Ахметтің әкесі полковник Яковлевтің ауылдастарына көрсеткен қорлығына төзбей, оны ұрып-соғады. Ыза кернеген полковник Байтұрсын Шошақұлын Сібірге айдайды. Ал ер жетіп қалған Ахметті жақындары қамқорлыққа алып, Торғайдағы екі сыныптық қазақ-орыс мектебіне береді. Оны тәмамдағаннан кейін Ахмет Байтұрсынұлы Орынбордағы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған төртжылдық мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. Осы жерде Ахмет Ыбырай Алтынсариннің жолын жалғап, ағартушылықпен айналысуды мақсат тұтады. Үзеңгілестерінің арасында да Ахмет Ыбырайдың ізбасары атанады. Мысалы 1925 жылдың 23 маусымындағы Ахметке жазған хатында Әлихан Бөкейхан Ыбырай екеуінің байланысы жайлы сөз қозғайды. “Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе?!”, - дейді Әлихан, - “Егер Ыбырай қазір өмір сүргенде, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгеніңде, оның ісін жасарың хақ".

2. “Қарқаралы петициясы” авторларының бірі

1905 жылы Қарқаралы уезінің Қоянды елді-мекенінде өтіп жатқан жәрмеңкеде ұлттық элита өкілдері қазақ халқының атынан Николай ІІ-ге арналған петицияға қол жинайды. Тарихта “Қарқаралы петициясы” атауымен таныс құжатта Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ интеллигенттері ар-ұждан бостандығы, халықтың туған тілінде білім алуы, көші-қон саясатын тоқтату, жер иесі тұрғылықты халық екенін растайтын заңнамалық актінің қабылдануы және азаматтық және сот құжаттарын қазақ тілінде жүргізуге заң жүзінде рұқсат беру сияқты маңызды мәселелер бойынша талаптар қояды. Биліктің қарсы әрекеттеріне қарамастан, петицияға 14500 адам қол қойып, құжат пошта арқылы патшаға жөнелтіледі. Осылайша, “Қарқаралы петициясы” Қазақстан тарихында XX ғасырдың басындағы ең маңызды саяси құжаттардың бірі болып қалды. Онда ең алғаш рет теңдік, сөз бостандығы, сот бостандығы және отарлау саясатын доғару мәселелері көтерілді. Саяси көзқарасымен биліктің назарына түскен Ахмет Байтұрсынұлы осы кезден бастап "нысанаға" алынады. 1907 жылы ол патша әкімшілігін сынады деген айыппен түрмеге түссе, 1909 жылы еш сот шешімінсіз тағы сегіз ай Семей түрмесінде отырып шығады.

3. Шығармашылық жолын мысалшы ретінде бастаған

Ахмет Байтұрсынұлы орыс классигі Иван Крыловтың туындыларын аударып, оған қазақ өмірінен мысалдар қосады. Бұл аудармалар жинағы 1909 жылы “Қырық мысал” атауымен жарық көрген. Ал 1911 жылы Ахметтің өз шығармаларынан тұратын “Маса” жинағы басылып шығады. Бұл кітаптың “Маса” аталуы бекер емес. Автор осылай ұйқыда жатқан қазақты “ызыңыммен” оятсам дейді. Екі жинақта да негізінен қазақ мәдениеті, ғылымы мен сауат ашу мәселелері көтеріледі. Ахмет Байтұрсынұлы осылайша өзін Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы бастаған интеллектуал қазақтардың жолын жалғаушы ретінде танытады. Тағы бір қызық дерек - “Маса” жинағы үш рет басылып шыққан.

4. Алғашқы қазақ әліпбиінің авторы

Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы негізіндегі әліпби қазақ тілінің ерекшеліктерін толық таныта алмайтынын түсініп, 1910 жылы сол негіздегі жаңа әліпбиді әзірлеуге кіріседі. Жұмыс барысында Ахмет қазақ тілінің өзіне тән өзгешеліктерін ескеріп, туыс тілдердің әліпбиін зерттейді. Ақыры 1912 жылы қазақша дыбысталмайтын таңбалар алынып, арнайы дыбыс белгілері қосылып, қазақ тілінің фонетикасына икемделген алфавит жасалады. Бұл 24 әріптен тұратын әліпби “Жаңа емле” атауымен бірден қолданысқа енеді. Деректерге сенсек, 1915 жылы осы алфавитпен жазылған 15 кітап жарық көрген екен.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы 1924-1927 жылдар аралығында болған қазақ тілін латын графикасына ауыстыру жайлы өткен пікірталастарға қатысады. Ол жерде де “Жаңа емле” авторы қатысушыларды тілдің ерекшеліктерін ескеруге шақырады. “Әліпби бір тілдің дұрыс дыбысталуын көрсетуге негізделген таңбалардың шартты жинағы ғана. Қай әліпби сөзді толымды әрі нақты жеткізсе, ол арқылы сауат ашу оңай, кітап я хат оқу ыңғайлы болса және техниканың дамуына жылдам ілесе алса, сол әліпби үздік болмақ”, - дейді Ахмет, - “Демек әліпби мәселесі артық я кем тұстарын саралап, талқыға түсуі тиіс тақырып”. Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми негізделген нұсқасының арқасында болса керек, Қазақстан түркітілді елдердің ең соңғыларының бірі болып латынға ауысады. Десе де халық арасында “Төте жазу” аталып кеткен әліпбиді әлі күнге дейін Қытай аймағындағы қазақтар қолданады.

5. “Қазақ” газетінің бас редакторы

1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы саяси қайраткер Әлихан Бөкейхан және ақын, жазушы Міржақып Дулатұлымен бірігіп “Қазақ” газетін шығарды. Орынборда жарық көрген газеттің бас редакторы болып Ахмет Байтұрсынұлы тағайындалады. Газеттің атауына сай, басылым бетінде қазақ тарихы мен тілі, әдебиеті мен мәдениетін жандандыру мәселелері көтерілді. Тиражы үш мыңнан асқан газет Қазақстан территориясынан бөлек Ресей, Қытай жеріне дейін жеткен. Басылымның ғұмыры ұзақ болмаса да, бес жылдың ішінде “Қазақ” өзекті тақырыптарды ашық көтерген қоғамдық-саяси газетке айналып үлгерді.

6. Затаевичке “Қазақтың 1000 әнін” жинауға көмектескен

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ музыкасының тарихын жетік білген. Александр Затаевичтің “Қазақтың 1000 әні” жинағына Ахмет жеткізген 30-ға жуық музыкалық туынды енген көрінеді. Олардың ішінде “Қаракөз”, “Жаяу Мұса әні”, “Кәмшат бөрік” сияқты әндер бар. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы Затаевичке “Айда, былпым”, “Тепен көк” күйлерінің орындалуын көрсеткен.
“Халық әндерін жақсы көретін және жетік білетін орындаушы әрі домбырашы ретінде Байтұрсынов қазақтардың арасында үлкен сыйға ие. Өз басым Ахмет Байтұрсынұлының бұл қырын осы еңбегімді әзірлеу барысында байқадым. Ол үнемі маған ерекше ықылас танытып, өзі білетін әндердің жүйесін түсіндіріп, екі ғажап күйді беріп қана қоймай, қазақ тарихы мен этнографиясы жайлы терең білімі арқылы мен жинаған материалдарды жүйелеуге көп көмегі тиді. Сондықтан оған деген ерекше алғысымды айтып тауыса алмаспын”, - деп жазады Затаевич.

7. Бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған

Ахмет Байтұрсынұлы тек домбыра емес, скрипка мен фортепьянода еркін ойнаған деген дерек бар. Өз естелігінде Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар оның скрипкада ойнағанын көргенін айтады. Сонымен қатар ет жақындарының айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының үйінде қара пианино тұрады екен. Өкінішке қарай, ол аспаптардың бірде-бірі сақталмаған екен. Бірнеше музыкалық аспапты меңгеруі Ахмет Байтұрсынұлының тек қазақ музыкасы емес, классикалық шығармалармен жақсы таныс болғанын білдірсе керек.

8. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған

Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Ташкентте жарық көрген “Әдебиет танытқыш” кітабы - қазақ әдебиеті жайлы алғашқы ғылыми еңбек. Кітапта автор қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына анықтама беріп, өз ойын ғылыми түрде жүйелеген. Зерттеуде әдеби сөздердің әлеуметтік маңызы мен оның жанрлық, стилдік түрде түрленуі жайлы тұжырым жасалады.
Зерттеу жұмысынан бөлек, Ахмет Байтұрсынұлы Абайдың мұрасын халыққа таныту мақсатында, оның шығармашылығы, әдебиеттегі рөлі жайлы “Қазақ” газетінде “Қазақтың бас ақыны” атауымен көлемді мақала жариялайды. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетінің маңызын терең түсінген зерттеуші “Ер сайын” жыры мен жоқтаулар, мақал-мәтелдер жинақтарын басып шығаруға ат салысады.

9. Алаш партиясын құрушылардың бірі

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Алаш қозғалысының тарихында жалпыхалықтық сипат алған екі съезд бар. 1917 жылдың 21-26 шілдесінде өткен съезде Алаш партиясының бағдарламасы қабылданса, 5-13 желтоқсандағы жиында Алаш автономиясы құрылып, үкімет мүшелері бекітілген болатын. Ахмет Байтұрсынұлы Алаш Орда көсемдерінің құрамында болмаса да, Алаш партиясы бағдарламасын әзірлеушілердің бірі болғаны белгілі. Ал Алаш Орданың уақытша халық кеңесі құрамы 25 адамнан тұрып, ондағы 10 орын Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдеріне тиесілі болған. Ахмет Байтұрсынұлы Алаш Орда жанындағы білім жөніндегі комиссияға мүшелік етіп, ағарту бағытындағы оқулықтар дайындауға жауапты қызметті атқарған. Алаш партиясы мен Алаш Орда 1920 жылы таратылды.

10. Ахмет Байтұрсынұлының отбасы

Ахмет Байтұрсынұлының жұбайы Бадрисафа (Александра) жайлы дерек өте аз. Александра Ивановна 1878 жылы Челябі облысында дүниеге келген. Ал Ахмет Байтұрынұлымен 1896 жылы Әулиекөлде танысады. Дәл сол жылы Троицк қаласындағы мешітте некелері қиылған. Сол жерде Александра мұсылман дінін қабылдап, есімін Бадрисафа деп өзгертеді. Ахмет түрмеге түсіп, қуғынға ұшыраған сәттерінде үнемі жанынан табылып, қолдау көрсеткен Бадрисафаны ел “Ақ келін” деп атаған екен. Ахмет Байтұрсынұлы атылғаннан кейін, Бадрисафа да жер аударады. Оның қашан, қалай қайтыс болғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. 
Ахмет пен Бадрисафаның өз балалары болмаған. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы аға-інілерінің балаларын бауырына басып, қамқорлық көрсеткен. Олар: Аумат, Қазихан, Шолпан. Сондай-ақ аты көп жыл құпия сақталған тағы бір бала бар. Ол Ахметтің інісі Мәшеннің ұлы - Самырат Кәкішев. Ол да Ахмет Байтұрсынұлының тәрбиесін көрген. Ахмет Байтұрсынұлы кезекті рет қамаққа алынғанда, ауылына әскерилер келіп, ұл балаларды іздейді. Алайда ауылдағы әйелдердің бірі Самыратты қара қазанның астына тығып, аман алып қалады. 1992 жылы Самырат Кәкішевтің “Ахаң жайлы ақиқат” кітабы жарық көрді.

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: