Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері елордалық тыл ардагері Любовь Войтовичтің үйіне барып, шаруасына көмек қолын созу арқылы құрмет білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл шара «Ұлы жеңіске 100 күн қалды» акциясы аясында ұйымдастырылды. Акцияның мақсаты — Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету және көңіл бөлу. Осы ретте ұландықтар соғыс жылдары ерлікпен еңбек еткен жандарға көмек көрсетуді жөн көрді.
Әскери бөлім қызметшілері, ардагер тұратын үйдің ауласын қалың қардан тазалап, басқа да үй шаруаларымен айналысты. Бұл қадам батыр апамызға жанашырлық пен үлкен қолдаудың барын білдіреді.
Любовь Игнатьевна соғыстың қиын кезеңінде тылда еңбек етіп, өз еңбегімен жеңісті жақындатуға үлес қосқан адам. Оның бойындағы еңбекқорлық, Отанға деген адалдық пен патриотизм бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Соғыстың сұрапыл жылдарында елім үшін тылда еңбек еттім, бірақ сол кезеңдегі қиындықтарды артқа тастап, тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүрудің қандай маңызды екенін түсіндім. Ұлттық ұлан сарбаздарының құрметті мен үйіме келіп көмек көрсетуі мені ерекше тебірентті. Олар тек қана өз міндеттерін атқарумен шектелмей, ардагерлерді ұмытпай, құрметтеп жүретіндерін байқатты. Осындай істерден соң мен болашаққа сеніммен қарай аламын, өйткені еліміздің болашағы — осы жастардың қолында. Олар біздің еңбегімізді бағалап, ұмытпайды, – деді тыл ардагері Любовь Игнатьевна.
Айта кетейік, «Ұлы жеңіске 100 күн қалды» акциясы осындай игі шаралар арқылы жас ұрпақ пен үлкен буын арасындағы байланысты арттырып, батыр аталарымыз бен апаларымыздың батырлығын ұмытпауға шақырады.