Үкіметте вегетациялық кезеңнің қорытындысы шығарылды

15 Қазан, 13:21 364

Үкімет отырысында биылғы вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол биыл суару маусымы сәтті өтті деп айтты. Биыл оңтүстік өңірлердің диқандарына (Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары және Жетісу облысы) жалпы суару ауданы 1,2 млн гектардан асатын алқапты тұрақты суаруға 10,9 км3 су берілді, яғни, бұл суаруға арналған барлық су қабылдаудың 97%-ы. 

Сонымен қатар су тасқыны елдің оңтүстік өңірлеріне әсер етпегенін, онда су аз болғанын және су тапшылығын болдырмау үшін біз қол жеткізген барлық уағдаластықтарды орындаған көрші елдермен келіссөздер бойынша жұмысты күшейткенімізді айта кетейін, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Жоспар бойынша Шардара су қоймасына 3,7 млрд м3 су түседі деп күтілген, бірақ іс жүзінде биылғы суару кезеңінде 4,8 млрд м3 су келген.

2024 жылғы 6 маусымда «Достық» каналы бойынша кепілдік берілген су беру үшін «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша үшжақты хаттамаға қол қойылды, оған сәйкес «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су берудің жалпы көлемі 491,14 млн м3 құрады. Шын мәнінде, 1 маусым мен 30 тамыз аралығында «Достық» каналы арқылы Қазақстан аумағына 532,4 млн м3 су берілді,бұл 41 млн м3-ке артық.

Вегетациялық кезеңде біз фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1 млрд м3 су жібере алдық, бұл былтырғы көрсеткіштен үш есе асады, – деп атап өтті министр.

Шу және Талас өзендерінің мемлекетаралық көздері бойынша суармалы маусымға су берудің бекітілген кестесіне сәйкес күтілетін 380 млн м3 судың орнына Қазақстан іс жүзінде 418 млн м3 алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 94,2 млн м3 артық.

Жалпы, екі бассейн бойынша вегетациялық кезең қиындықсыз өтті, барлық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдері қанағаттандырылды. Балқаш-Алакөл бассейні бойынша вегетациялық кезең қалыпты өтті, тұрақты суаруға 2,94 км3 су берілді. Қалған бассейндер бойынша вегетациялық кезең өткен жылдар деңгейінде және тәуекелсіз өтті, тұрақты суаруға шамамен 300 млн м3 алынды, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: