Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Үкіметте өткен баспасөз конференциясында табысы аз қазақстандықтарға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ЕХӘҚМ мәліметінше, мұндай санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтерді өтеуге тұрғын үй және әлеуметтік көмек пен отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығаруға бағытталған атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған шығыстары жергілікті өкілді органдар белгілеген осы мақсаттарға арналған шығыстардың рұқсат етілген шекті үлесінен асатын азаматтарға көрсетіледі. Шекті рұқсат етілген үлестің мөлшері 10%-дан аспайды.
Көмектің бұл түрі тек бір тұрғын үйі болған жағдайда жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан ұсынылады.
Тұрғын үй көмегін көрсетуге өтінішті электрондық үкімет порталы (egov.kz) немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.
2024 жылы жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 592 млн теңгеге 17,5 мың отбасына немесе 41,2 мың адамға тұрғын үй көмегін көрсетті. Осы жылы жергілікті бюджеттерден тұрғын үй көмегін төлеу үшін 41,9 мың алушыға 1,5 млрд теңге қарастырылған, – деді Олжас Анафин.
Қосымша коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге және жергілікті бюджеттерден қатты отын сатып алуға азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы және ай сайын әлеуметтік төлемдер ұсынылады. Алушылар санаттарының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерін және оған жүгіну мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Бұл төлемдер барлық өңірлерде қарастырылмаған және ол жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты болады. 2024 жылы бұл мақсаттарға 181,2 мың алушы үшін 5,3 млрд теңге бағытталды. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2025 жылы азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек төлеуге 193,7 мың алушы үшін 2,6 млрд теңге қарастырылған.
Белгіленген критерийлерге сәйкес азамат бір мезгілде тұрғын үй көмегі мен әлеуметтік төлем ала алатынын атап өту маңызды, – деді Олжас Анафин.
Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен (өңірлік медиандық кірістің 35%-ы, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем емес) табысы аз отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Тарифтер көтерілген кезде бағаның өсуі ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік емес бөлігіне (55% азық-түлік, 45% азық-түлік емес бөлігі) әсер етеді. Осылайша, коммуналдық қызметтер құнының өсуі күнкөріс деңгейінің жоғарылауына және сәйкесінше АӘК мөлшеріне әсер ететін кедейлік шегінің өзгеруіне әкеледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл өзгерістерге дайын. Табысы кедейлік шегінен төмен барлық қазақстандықтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. 2024 жылы АӘК төлеуге 78,1 мың отбасының 413,7 мың мүшесі үшін 39,5 млрд теңге жұмсалса, биыл бұл мақсаттарға 1 млн адамға 132,9 млрд теңге қарастырылған, – деп атап өтті Олжас Анафин.
Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- бір жастан бастап алты жастағы балалары бар табысы аз отбасылардың әр баласына 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;
- жұмысқа орналасу, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және т. б. арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті Мансап орталығына, тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.