Үкіметте Қазақстан мен Халықаралық валюта қорының ынтымақтастық жоспарлары талқыланды

1 Қазан, 15:32 389

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізге кезекті сапары аясында ХВҚ миссиясы негізгі мемлекеттік органдармен, соның ішінде Парламент, Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және басқа да мүдделі тараптармен бірқатар кездесу өткізді.

Кездесуде тараптар ағымдағы экономикалық жағдайды, Үкіметтің экономиканы одан әрі сапалы өсіру мақсатында жүргізіп жатқан реформалары мен шараларын, сондай-ақ Қордың экономикалық саясатты дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдарын әрі жақын және орта мерзімді перспективаға арналған ынтымақтастық жоспарларын талқылады.

Вице-премьер экономиканың үздіксіз өсуін және биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша оны 3,7%-ға дейін жеделдетуді баса айтты. Бұған қоса, премьер-министрдің орынбасары Үкіметтің бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, инвестициялық тартымдылықты күшейту және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысына да тоқталды.

Нұрлан Байбазаров Қазақстан Халықаралық валюта қорымен серіктестікке үлкен мән беретінін және оның ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Өз тарапынан Николя Бланше тұрақты 6% өсімге қол жеткізу үшін экономикадағы құрылымдық реформаларды жалғастыру қажеттігін, бұл – қол жеткізуге болатын көрсеткіш екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қордың Қазақстанға тиісті қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: