Үкіметте экономикаға қатысты жиын өтті

7 Наурыз, 12:37 550

Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы ырықтандыру және жекешелендіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің тиісті жарлығы шеңберінде мемлекеттің экономикалық үдерістерге қатысуын қысқарту және бәсекелестікті арттыру шаралары жүзеге асырылуда.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру барысы қаралып, жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру және үдерісті жетілдіру шаралары талқыланды.

Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректерін тексеру әрі өзектендіру жұмысы аяқталды. Жекешелендіру үдерісін жандандыру және жетілдіру шеңберінде кепілдік жарналарды қамтамасыз ету үшін «электронды әмиянды» енгізу, сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер беру мерзімін ұлғайту, сондай-ақ қосымша ресурстар бойынша сату туралы хабарламаларды жариялауды қосқанда, нысандарды сату қағидаларына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға тікелей сатудан бас тартуды және мүлікті тек аукциондар арқылы беруді көздейтін түзетулер әзірленді. Жер беру тетігінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін шөлді және шөлейт аймақтарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 100%-ы цифрландырылды.

Бүгінде әкімшілік заңнамаға бизнесті негізсіз араласудан қорғауға бағытталған түзетулер енгізілді.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта жалпы құны 918,3 млрд теңгені құрайтын 392 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны бәсекелестік ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға/таратуға жіберілді. Сонымен қатар 21 нысан саудаға шығарылып, 155 нысан сатылымға дейінгі дайындықта.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр экономиканы ырықтандыру, оның ішінде қамтылатын салаларды кеңейту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: