Қазір елімізде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін əкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Ұсынылатын құжаттардың нақты тізбесі айқындалды жəне заңдастырылатын автомобильдерге нақты талаптар белгіленді.
Биылғы 23 қаңтардан 21 мамыр аралығында 123 мыңнан астам көлік құралы заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астам автокөлік нөмір агрегаттарын салыстырып тексеруден өткеннен кейін тіркеуді күтуде, 46 мыңға жуық автомобиль сəйкестікке тексеруді күтуде (иелері алдын ала мақұлдауды алғаннан кейін қарап-тексеру пунктіне көлік құралдарын əлі берген жоқ).
Шетелдік автомобильдерді заңдастыру жұмыстары 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасатын болады. Мемлекеттік шекара арқылы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа сәйкес ЕАЭО елдерінен көлік құралдарының өткізу пункттері арқылы кіруі және шығуы жалғасуда, оған сәйкес тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және ЕАЭО аумағындағы жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетінін атап өту қажет.
Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2023 жылғы 26 мамырға дейін ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден жолаушылар кедендік декларациясы рәсімделе отырып 99,5 мың бірлік шетелдік автокөлікті елге әкелу жүзеге асырылды, оның ішінде Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан Ресейге және басқа елдерге Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жүретіндер.
Сонымен қатар, елге шетелдік автомобильдерді заңсыз әкелудің жолын кесу мақсатында бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды. 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 177-VII Заңмен (2023 жылғы 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) «Жол жүрісі туралы» және «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңдарға, Қазақстан азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, бастапқы тіркеуге жататындарды қоспағанда, шетелдік есепте тұрған автомобильдерге қатысты көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға тыйым салу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сондай-ақ «Автомобиль көлігі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оған сәйкес басқа мемлекеттерде тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне (шеттен әкелуіне) мына жағдайларда жол берілмейді:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автокөлік құралының халықаралық іздестіруде немесе іздеуде болуы;
2) басқа мемлекетте көлік құралын тіркеу туралы куәліктің болмауы және т.б.
Сонымен бірге, шетелдік автокөлікке қатысты бақылау тиімділігін арттыру мақсатында «Жол жүрісі туралы» Заңға көлік құралын тоқтату үшін жаңа негіз енгізу бөлігінде өзгерістер енгізуге бастамашылық етілді, бұл шетелде тіркелген автомобиль иелерінде тіркеу құжаттарының, мемлекеттік нөмірлік белгілердің, жүргізуші куәлігінің, автосақтандырудың болуын және түпнұсқалығын тексеруді қамтиды.
Аталған өзгерістер Парламент Мәжілісіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы шеңберінде бастамашылық етілді.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі кедендік баждар мен басқа да алымдарды төлеуді айналып өте отырып, уақытша әкелінетін шетелдік автомобильдерді заңсыз заңдастырудың жолын кесуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдады. Тұтастай алғанда аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында және бұл бағытта жұмыс жалғасуда.