Үкімет отырысында жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы мақұлданды

27 Желтоқсан 2022, 10:50 926

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Әлеуметтік кодекс азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін аса маңызды құжаттардың бірі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшуі керек. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, ол Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы жүзеге асырылады. Жобаның пилоттық нұсқасы қыркүйектен бері бірқатар қызметтер (жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындау) бойынша жұмыс істеп тұр және қазірдің өзінде тиімділігін көрсетті.

«Әлеуметтік қолдау алу қажеттілігі Цифрлық карта шеңберінде ақпараттық жүйе арқылы айқындалады. Яғни, азаматтар тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігіне ие болады. Мемлекет бұл қажеттілікті өзі анықтайды және барлық рәсімдерді автоматты түрде жүргізеді», — деді Әлихан Смайылов.

Әлеуметтік кодекс жобасында мүгедектігі бар адамдарға көп көңіл бөлінген, соның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген және жұмыспен қамтудың барлық икемді түрлерін, оның ішінде «Платформалық» жұмыспен қамтуды заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланып отыр.

Кодекс Парламенттің қарауында болғанмен, жекелеген әлеуметтік шаралар 2023 жылдан бастап іске асырылады.

«Қаңтар айынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45%-на дейін ұлғаяды. Жалпы, Кодексте ұсынылған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін өзгертуге және осы салада болып жатқан өзгерістерден оң нәтиже алуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

EL.KZ
Бөлісу: