Бүгінгі Сенат отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілеп берген міндеттерінің орындалуы палатаның ерекше назарында болатынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Алқалы жиында еліміздің даму барысы кеңінен талқыланып, халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін негізгі бағытар айқындалды. Бұл бағыттар барлық саланы қамтып отыр. Сондықтан президентіміз белгілеп берген міндеттердің орындалуы палатамыздың ерекше назарында болады, - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы әсіресе заңнамалық өзгерістерге қатысты тапсырмалар аясында нақты жұмыс істеу керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қатарында салық бюджет саясатын реформалауды көздейтін жаңа Бюджет және Салық кодекстері бар. Тиісті заңдарды уақтылы қарайтын боламыз. Сондай-ақ Парламентке сессия соңына дейін геологиялық барлау жұмысының тиімділігін арттыратын заңнамалық түзетулер қабылдау міндеті жүктелді, - деді ол.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, цифрлық активтердің қолданылу аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды құру да маңызды міндет ретінде белгіленді. Еліміздегі энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру ісінің маңызды екені де айтылды. Бұл да заңнамалық қолдауды талап ететін бағыт. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын осы сессияның соңына дейін пысықталуы тиіс.
Аталған және басқа да тапсырмаларды іске асыру жолында тиімді шешімдер мен нақты істер қажет. Сондықтан Үкімет отырысында айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып, тиісті заңдарды қабылдайтын боламыз. Алдағы уақытта президентіміздің барлық тапсырмасын уақтылы әрі сапалы орындау жолында Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін, - деді Сенат төрағасы.