Үкімет онкологиялық қызметті жаңғыртуға 460,7 млрд теңге бөледі

6 Қазан 2023, 09:29 882

Қазақстан Үкіметі азаматтарға онкологиялық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша бірқатар қосымша шара қабылдайды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Премьер-министр Әлихан Смайылов Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға қол қойды.

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген және онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуға бағытталған.

Мәселен, әрбір өңірде соңғы үлгідегі қондырғыларды орнату арқылы науқастар әлемдік стандарт деңгейінде заманауи сәулелік ем алу мүмкіндігіне ие болады.

Қажетті дәрі-дәрмектерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

Ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешендерді пайдалану жоспарланып отыр, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтады.

Онкологиялық ауруларды емдеу шеңберінде телемедицина және жасанды интеллектмүмкіндіктерін белсенді пайдалану көзделеді.

Жалпы онкологиялық көмек көрсету еліміздің барлық өңірлерінде бірыңғай стандартқа ие болады.

Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар мен олардың заңды өкілдерінің біріне химиотерапияның қарқынды курстарынан өтуі үшін көлік шығындарын өтеу жоспарланып отыр.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде қатерлі ісіктің асқынып кеткен жағдайларының үлесі (III-IV кезең) 10%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Пациенттерді сәулелік емдеумен қамтуды арттыру 53%-ға жетеді.

Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендету көзделіп отыр.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: