Үкімет мүшелері енді «барды бар деп, жоқты жоқ» деп айтуы керек – Айдос Сарым

4 Сәуір 2023, 12:33 3995

Күні кеше энергетика министрі жанар-жағармай бағасы 11 пайызға және дизель отыны 20 пайызға қымбаттайтыны туралы мәлімдеме жасады. Енді жағдай қалай өзгереді, арасында азық-түлік, қызмет көрсету салаларында баға шарықтап кетпей ме? Осындай заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарымнан аз-кем сұхбаттасқан едік.


 «Шындығында елдегі жағдай жұрт ойлағандай немесе біреулер айтқандай мәз емес. Біздің елдегі көптеген тауарлардың бағасы әлемдік, аймақтық бағалардан төмен екені анық. Оны көрші Қырғызстан, Ресей және басқа елдер жақсы пайдаланады. Яғни, бұл инфляцияға және бағаның өсуіне де өз әсерін тигізеді. Бұған қоса елімізде мұнай өнімдерінің жетіспеушілігін қолдан жасап жатыр», – дейді Айдос Сарым.

 
Ол сол себепті мұны халыққа түсіндіре отырып,  монополистерді тежеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар бағаны әртараптандыруды енгізу керек деп санайды. 


 «Кеше экономистердің біраз зерттеулеріне назар аудардым. Мәселен, дәл қазір Үкімет ұсынып отырған баға айтылатын болса, қарапайым азаматтардың қалтасына 2-3 мың теңгедей ауыртпашылық түсуі әбден мүмкін. Ал есесіне үлкен машина мініп жүргендерге қойылатын баға басқаша болу керек шығар. Осы сияқты жұмыстарды жүргізу керек», – дейді мәжілісмен.


Ол бұдан бөлек, Үкімет мүшелері халыққа жақын болып, шынайы сөйлескен дұрыс деп есептейді. Яғни, барды бар деп, жоқты жоқ деп, көрпеге қарай көсілу керек деп отыр.


«Қазір шынын айтқанда халыққа ұнайтын емес, ұнамайтын әңгімені көбірек айтуымыз керек. Жылу мәселесі, оның жағдайы және басқасы болсын барлығын шынайы түрде жеткізіп, қай уақытта қандай мерзімде шешілетіні, оған қанша қаражат керек және қалай бақылау керек деген сияқты әңгімені көп айтуымыз қажет», – деді депутат.


Қазір Үкімет мәселені бағаны қымбаттату арқылы ғана шешу үшін отыр ма деген сұрағымызға депутат бағаны көтеру үшін отырған жоқ екенін айтты. Мәселенің жолын ұсыну, заңнамасын шешу және қарапайым халықпен дұрыс сөйлесуді реттей отырып өзіне жауапкершілікті алу керек екенін тілге тиек етті.
Бензин қымбаттағасын азық-түлікке де баға қосылатыны анық. Осының алдын алу үшін не істеуге болатыны туралы сауал тастадық.


«Мұның алдын алу үшін қазіргі нарықты түзеу керек. Мәселен, мына тұрған Бішкекті алып қарасақ, олар контрабандалық жолмен Қазақстанға бес рет кіріп бактарын толтырып кетеді. Мұның бәрін нарықтық бағамен өзінің халқымен бірге бізге де сатып жатыр. Көктемде егістік басталады. Бізде дизель отынының тапшылығы болады. Ал оны алу үшін Ресейден, Қытайдан тағы да қымбат бағамен алуға және оны арзандатып халыққа сатуға тағы да мәжбүр боламыз. Осындай мәселелер көп», – дейді Айдос Сарым.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: