Үкімет инфрақұрылымдық жобаларға 2,6 трлн теңге бөледі

24 Маусым, 09:03 491

Мемлекет басшысының Атыраудағы Ұлттық құрылтайда айтқан инфрақұрылым жобаларына 2,6 трлн теңге бағытталатын болады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – халыққа арналған тұрғын үйлер мен жолдар салу, жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды іске қосу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және газдандыру. 2,6 трлн теңге инвестиция бөлеміз. Негізінен, бұл бюджеттен тыс қаржыландыру көздері. Қазіргі таңда өңірлерде осы бағыттардың барлығы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр, — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

195 млрд теңге көлеміндегі қаражат есебінен 300 мыңнан астам адам тұратын 87 елді мекенді газдандыру көзделген. Биыл «Отбасы банк» желісі бойынша инвестиция көлемі 450 млрд теңгені құрайтын «Отау» және «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. Сондай-ақ 12 мың шақырым жолды жөндеу және салу, 6,5 мың коммуналдық желіні жаңғырту және 55 жылу көзін ретке келтіру қажет.

Шілдеден бастап Қазақстанның Даму банкі коммуналдық қызметтер мен табиғи монополиялар субъектілері үшін теңгемен қаржыландыруды ұсыну жаңа бағдарламасын іске қосады. Бұл осы саладағы күрделі шығындарды қаржыландыруға қатысты. Біз алғашқы 5 жыл ішінде кемінде 300 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз, — деді вице-премьер.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: