Үкімет басшысы халықты алаңдатқан қымбатшылық қашан тоқтайтыны туралы айтты

19 Шілде 2023, 16:47 1152

Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттардың жылдық пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жауапта пайыздық мөлшерлеменің өсуі тек кредиттер емес, депозиттер бойынша да мөлшерлемелердің артуына әкелетіні жазылған. Бұл жинақтардың ұлғаюына мүмкіндік береді. Яғни халық үшін ақша жұмсағаннан гөрі оны үнемдеу тиімдірек болуда. Нәтижесінде, бұл тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге сұранысты азайта отырып, тұтынудың төмендеуіне әкеледі.

Сұраныстың төмендеуі өз кезегінде бағаның жалпы өсуін тежейді. Осылайша, базалық мөлшерлеменің өсуі инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді. Пайыздық мөлшерлеменің өзгеруінің экономикаға әсері бірден пайда болмайды, себебі мөлшерлеменің инфляцияға әсер етуінің бүкіл тізбегінен өту белгілі бір уақыт аралығын қажет етеді. Осыған байланысты тексерілген және дәйекті ақша-кредит саясатын жүргізу талап етіледі.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, инфляция көптеген елдердің орталық банктерінің мөлшерлеме деңгейін анықтайтын негізгі фактор болып табылады. Әдетте, елдегі инфляция деңгейі неғұрлым төмен болса, тиісінше мөлшерлеме де соғұрлым төмен болады. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейінің негізділігіне және оны төмендету мүмкіндігіне қатысты Қазақстанда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатын инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сәйкес жүргізуде. Осыған байланысты, инфляцияны едәуір жеделдету жағдайында 2021 жылдың ортасынан бастап ҚР Ұлттық Банкі дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуде. Базалық мөлшерлеме өткен жылы 10,25%-дан 16,75%-ға дейін көтерілді және биылғы жылдың бірінші жартысында сол деңгейде сақталды, - делінген жауапта.

ҚР Ұлттық Банкі қабылдаған шешімдер инфляциялық факторлардың басым болуы жағдайында экономикалық теория тұрғысынан да, көп жылдық халықаралық тәжірибе тұрғысынан да негізделген болып табылады.

Сондай-ақ инфляция деңгейін бақылау және төмендету мақсатында Үкімет өткен жылдан бері Шаралар кешенін іске асырып жатқаны жазылған.

Биыл шаралар кешені өзектілендіріліп, кеңейтілді:

− ішкі нарықты отандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарлармен қанықтыру;

− өнімді сақтау және тасымалдау механизмдерін дамыту;

− бөлшек сауданы қолдау;

− баға белгілеуді бақылау;

− монополияға қарсы және сыртқы саудаға ден қою шаралары. Шаралар кешенін іске асыру бағаларға қысымды төмендетуге мүмкіндік береді және егер шаралар қолданылмаған болса, биыл инфляция деңгейі жоғары болар еді.

Бүгінгі күні Шаралар кешенін іске асыру оң нәтиже беруде және бұл инфляцияның төмендеуін қамтамасыз етуі тиіс. Биыл ақпан айында (21,3%) жылдық инфляция ең жоғары межесіне жетті және қазір төмендеуде. 2023 жылғы маусымда инфляция жылдық мәнде 14,6% құрады. Шаралар кешені өткен жылы іске асыра басталды. Оның әсері инерция бойынша біраз уақыттан кейін көрінетін болатындықтан, осы жылы Шаралар кешені бағаны тұрақтандыруға одан әрі ықпалдасатын болады. Инфляция одан әрі орнықты бәсеңдеген кезде ҚР Ұлттық Банкі ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында базалық мөлшерлемені біркелкі және ұқыпты төмендетудің тиімділігін қарастыратын болады. Бұл ретте бірқатар проинфляциялық факторлардың болуына байланысты инфляция бойынша белгіленген нысаналы бағдарға орта мерзімді перспективада қол жеткізілетін болады.

Қазіргі уақытта Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда, онда «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау және дамыту бойынша бұрын қолданыста болған мемлекеттік бағдарламаның және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының құралдары шоғырландырылған. Ұлттық жоба шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру арқылы кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен қаржыландыру көзделген.

2022 жылы базалық мөлшерлеменің 10,25%-дан 16,75%-ға дейін өсуі мемлекет сыйақысының субсидияланатын бөлігінің ұлғаюына әкелді, себебі «субсидиялау» құралы шеңберінде түпкілікті қарыз алушыға белгіленген сыйақы мөлшерлемесі көзделген. Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруға шығындарын барынша азайту, бюджетті неғұрлым дәл жоспарлау, сондай-ақ кредиттеудің нарықтық жағдайларын жасау мақсатында жеңілдікті қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігін белгілеуге көшу жүзеге асырылды, - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Бүгінгі күні Ұлттық жоба шеңберінде мемлекет субсидиялайтын сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі 13,75% (түпкілікті қарыз алушыға 8%), ҚЗЭ шеңберінде – өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешендегі ЭҚЖЖ үшін 13,25% (түпкілікті қарыз алушыға 8%), ал қалған салалар үшін (туризм, сумен жабдықтау, көлік, ақпарат және байланыс, білім беру, денсаулық сақтау, тамақтану салаларында көрсетілетін қызметтер) – 11,25% (түпкілікті қарыз алушыға 10%) құрайды. Бұл ретте, Ұлттық жоба шеңберінде Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларының шарттарына сәйкес ҚР Ұлттық Банкі 2022 жылғы 6 желтоқсанға белгілеген базалық мөлшерлеме азайған жағдайда, мемлекет субсидиялайтын сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі базалық мөлшерлеменің азайтылатын мәнінің тең мәнді өзгеруіне төмендетілетін болады.

Жалпы алғанда, тікелей қаржылық қолдау нарықтық сигналдардың бұрмалануына, бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындарды жасанды қолдауға және ақша-кредит саясатының трансмиссиялық механизмінің тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты ҚР-да ШОК-ты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында бәсекеге қабілетті ШОК-ты дамытуға баса назар аудара отырып, мемлекеттік қолдау шараларына қатысты жаңа тәсілдер енгізілді.

Мәселен, барлық ШОК субъектілерін қолдаудан және бизнесті субсидиялаудан орта кәсіпкерлікті дамыту басымдығы бар нарықтық тәсілдер мен құралдарға біртіндеп көшу көзделеді. Осыған байланысты мемлекеттік қолдаудың фокусы кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудан ішінара кепілдік беру жағына қарай біртіндеп ығысатын болады. Сонымен қоса, ҚР Ұлттық Банкі экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысуды тоқтатып, кредиттеудің нарықтық қағидаттарына көшуді жоспарлап отыр, - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, 14 маусым күні Мәжіліс депутаты Абзал Құспан инфляция, баға деңгейі, экономикалық өсу қарқыны, ұлттық табыс, жалпы ішкі өнімге қатысты мәселе көтеріп, қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан факторларға қатысты депутаттық сауал жолдаған еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: