Ұйқысыз түндер басталады

6 Сәуір 2017, 14:44 3275

Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығуға қай командалар лайықты?

Сәуір айы футбол жанкүйерлері үшін ерекше ай. Өйткені алдағы аптада Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және «Эль классико» (Реал Мадрид – Барселона кездесуі) бар. Футбол десе ішкен асын жерге қоятындар үшін ұйқысыз түндер басталмақ.  Бұл мақалада біз Чемпиондар лигасының әр кездесуіне жеке-дара тоқталамыз.

Жеребе тарту рәсімін көрген «білгіштер» Реал Мадрид – Бавария ойынын ерекше тілге тиек етті. Оған бірнеше себеп бар. Басты себеп: қос команданың жаттықтырушыларында. Бұл матчты «ұстаз бен шәкірттің текетіресі» деп атауға да болады. Карло Анчелотти Бавария құрамасына дейін Реал Мадрид командасын жаттықтырғаны белгілі. Сондай-ақ, Анчелотти Мадридтің тізгінін ұстай жүріп, футбол жұлдызынан керемет бапкер дайындап шықты. Енді міне ұстаз бен шәкірт осындай жауапты кезеңде қарсылас атанып отыр. Тәжирбе жеңе ме, әлде ұстаздан шәкірт озады ма? Бұл сұрақтың жауабын 13 сәуір күні түнгі сағат 00:45-те білетін боламыз. Айтпақшы, Реал Мадрид пен Бавария Чемпиондар лигасының 1/4  финалында ең көп кездескен командалар.

Камп Ноуда болған «қырғын төбелес» туралы естімеген адам кемде-кем шығар. Қырғын төбелес деп біз Барселона – ПСЖ ойынын айтып отырмыз. Тарихта болмаған оқиғаны бастан кешіп, бірнеше күн естерін жия алмай жүрген Барселонаның жанкүйерлері жаңа қақтығысты асыға күтуде. Естеріңізде болса, 2015 жылы Чемпиондар лигасының финалында Ювентус пен Барселона кездескен болатын. Ол кездесуде 1:3 есебімен Барселона «Еуропаның үздік клубы» атанды. Екі жыл бұрынғы жеңілістің есесін қайтару үшін италияндықтар тістерін қайрап 12 сәуірді күтіп отыр. Алайда Ювентус сапында биыл Пирло, Погба, Тевес, Мората және Видаль секілді сұрмергендер жоқ. Барселонаның да жартылай қорғаныс шебінде қиындықтары бар екенін ескерген жөн. Сондықтан бір командаға басымдық беру өте қиын.

Бавария мен Реал Мадрид бір-бірімен ең көп кездескен командалар болса, Чемпиондар лигасының 1/4 финалында бір-бірімен мүлдем ойнамаған екі команда бар. Олар «Боруссия» мен «Монако».  Екі команданың да ұстанымы — шабуыл. Сондықтан бұл ойын сөзсіз тартысты өтеді.  Бұл кездесуде сөзсіз Боруссия фаворит. Олар топтық кезеңнен бастап әлі бір де бір рет жеңілген жоқ.

Англияның чемпионы Лестерге жеребе жолдас болмады. Өйткені олар ойнау мәнері өздеріне ұқсас Атлетико Мадрид командасымен кездеседі. Қос құрама да қорғана жүріп қарсы шабуылға шығуға үйреніп қалған. Испания чемпионатында Атлетикомен қатар келе жатқан Севильяны Лестер жарыс жолынан шығарып тастаған болатын. Бір-біріне қолайсыз қарсыластардың қайсысы тәуекелге бел буып шабуылға шығады? Мұны біз 13 сәуір күні білетін боламыз.

Рүстем Әлпи
Бөлісу: