Әуезді Әнші құм!!!

15 Маусым 2015, 11:40

Айғай құм - Алматы облысы Кербұлақ ауданы жеріндегі Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе.

Қазақстанның кең байтақ жері әлі күнге дейін сыры ашылмаған, талай құпияларды бойына сақтап келе жатқан ерекше табиғатымен танымал. Тауды да, тасты да, шөлді де, көлді де бір арнаға сыйғыза алған табиғаттың құдіреттілігі мен қасиетін еріксіз мойындамасқа амал жоқ!!!

Табиғат кешенін, археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштерді, өсімдіктер мен жануарлардың сирек  кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін сақтау мақсатында ұлттық табиғи парктер жұмыс істейді. Соның бірі, 1996 жылы құрылған «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Айғайқұм немесе Әнші құм» атты құмды төбені өз қамқорлығына алған. Алтынемел ұлттық қорығы кезінде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапарында пана болған деседі.

Әнші құм, Айғай құм - Алматы облысы Кербұлақ ауданы жеріндегі Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе, ал, Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 150 м-дей, ұзындығы 8 км, ені 3 км-ге дейін жетеді. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қоспасынан тұратын төбеге айналған.

Екі жақтан соққан желдің әсерінен қозғалысқа келген кезде, одан кәдімгі сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас әуезді дыбысты естуге болады. Шығыстан соққан желдің күші ұлғайған кезде биіктігі 150 метрлік құм таудың басына қарай шоғырланады. Осы кезде реактивті ұшақтың гүріліне ұқсайтын дыбыс естіледі. Бұл табиғат құбылысы көбіне түнде орын алады екен.

Атағы көпке тараған Айғай құм туралы ел аузында талай аңыз-әңгімелер қалыптасқан. Аңыздың бір нұсқасы бойынша Айғайқұмдағы әуезді кері пиғылды, іші қара ниетке толы адамның құм астында қалып, жаны қиналғаннан қысылғанда шығатын даусы десе, екінші нұсқада дуаланған сұлудың дауысы делінеді.  Құмды таудың басына шығу оңай шаруа емес, кімде-кім таудың басына қиналмастан жететін болса, сол адамның асқақ арманы орындалады, ал жете алмаған адам күнәхар болады деген  наным-сенім де бар.

Ән салып тұратын мұндай әуезді құмтөбе дүниежүзінің алты елінде ғана бар көрінеді. Тастақ далалы жерде құмды таулардың болуы таңқаларлық әрі құпиялы құбылыс болып отыр.

Мемлекет қамқорлығына алынған мұндай тамаша табиғат ескерткішін көру үшін, әлемнің түкпір-түкпірінен саяхаттаушылар ағылып келіп жатады.

­

Өзіміздің туған өлкедегі осындай таңғажайып жерлерді көрмей жатып, шет елдің табиғатын көру үшін шекара асудың өзі туған табиғатымызды қадірлемеу, бағаламау деп санаймын.

Дайындаған: Құлжанбай тегі Арайлым 

 Суретке түсірген: Нұрланбеков Мұрагер

Бөлісу: