ҰЭМ өкілдері Швейцариядағы өңірлік форумға қатысты

30 Наурыз 2023, 11:01 758

Қазақстан делегациясы Швейцариядағы БҰҰ ЕЭК Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік форумға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

2023 жылғы 29-30 наурызда Швейцарияда БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы аймағындағы орнықты даму жөніндегі өңірлік форум өтті. 

Іс-шараға Қазақстан атынан Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және ҚР ҰЭМ Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова қатысты. 

Вице-министр форум қатысушыларына Тұрақты даму мақсаттарын ұлттық және өңірлік деңгейде ілгерілету бойынша ҚР Үкіметінің жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, тұрақтылық пен инклюзивтілік қағидаттары Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа ұлттық даму жоспарына негіз болды. 

Сонымен қатар тұрақты дамудың мақсаттары мен міндеттері мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізілген. 

Өз сөзінде вице-министр Алматы қаласында Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын ашу жөніндегі бастаманы ілгерілету туралы хабардар етті. 

Сонымен қатар Б. Омарбеков Қазақстандағы агломерацияларды, сондай-ақ ауылдық аумақтарды дамыту жоспарлары және 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы туралы айтып берді.

Өңірлік форум Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті қолдау және жеделдету бойынша идеялар мен білім алмасу үшін БҰҰ ЕЭК мүше-мемлекеттері үкіметтерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғамның, жеке сектордың және академиялық топтардың өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.

EL.KZ
Бөлісу: