Учаскелік полиция —тыныштық күзетшісі

6 Қаңтар 2021, 11:41 6030

«Бұл қызмет адамнан мол қажыр-қайратты, ерлікті қажет етеді»

Әр азаматтың амандығы мен қоғамның тыныштығы қай уақытта да — басты орында. Өйткені тәуелсіз ел іргесінің берік болуы ел ішіндегі тыныштықтан басталатыны рас. Бүгінгі тақырыбымыз да осы турасында болмақ. Жылдамдық пен шапшаңдық, тез шешім қабылдап, шұғыл әрекет ете білу де форма киген құқық қорғау саласы мамандарының басты қасиеттерінің бірі екені рас. Оған қоса, халықпен араласа білуі, сыпайы әрі ұстамды болуы да аса маңызды. Қазіргі таңда осындай қасиеттерді бойына сіңірген жас полицейлер де аз емес. Қоғам тыныштығын күзеткен еңбек адамы яғни елордалық учаскелік полиция инспекторы Әмір Зекенмен «El.kz» порталының тілшісі әңгімелескен болатын.

 

Әмір Зекен — елорданың «Есіл» ауданы полиция басқармасының №20 учаскелік полиция пунктінде учаскелік полиция инспекторы. Психолог мамандығын иеленген ол бүгінде өзіне жүктелген аумақтағы тұрғындардың қауіпсіздігің қамтамасыз етеді.


— Қазіргі Нұр-Сұлтан бұрынғы Целиноград қаласында дүниеге келдім. Менің бірінші мамандығым — психолог. Бірақ бала кезімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандадым.Әсіресе полицейдің формасын кигенді қатты ұнататынмын. Бұл ойымды үйдегі әке-шешем де қолдап, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түстім. Институтты аяқтағаннан бері осы қызметте жұмыс істеп келемін. Міне, бала кездегі арманыма қол жеткізу үшін алдыма нақты мақсатттар қойып, бүгінде өзім қалаған мамандығым бойынша қызмет етіп жатырмын, - дейді Әмір.

Әмір Зекеннің жұртшылық алдында жауапкершілігі мол жұмысын бастағанына төрт жылдан асты. Бүгінде ол өзіне берілген аумақтағы қандай да болсын әкімшілік құқық бұзушылық жағдайларға жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, полиция пунктіне түскен арыз-шағымдар сияқты көптеген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

— Учаскелік полиция инспекторлары яғни біз таңғы сағат 8-ден бастап жұмысқа кірісеміз. Алдымен полиция бөлімшесінде жиналып, басшы құрамның берген тапсырмасын орындау үшін белгіленген учаскелік аумаққа барып, профилактикалық іс-шараларын жасаймыз. Тәулік бойы келіп түскен арыз-шағымдарды әкімшілік аумақ бойынша бөліп алып, күнделікті жұмыс барысында анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Кейін жұмыс кабинетімізге оралып, арыздарымен келген азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін шешуге жәрдемдесеміз. Жалпы күнделікті жұмысымыз кешкі сағат 22:00-де аяқталады. Кейін басшы құрамға күні бойы атқарылған жұмыстар бойынша есеп береміз. Ал демалыс, мереке күндері күшейтілген режімде жұмыс істейміз. Түнімен де жүруіміз мүмкін. Байқағаныңыздай, жұмыс режіміміз бірқалыпты емес. Бірақ та біз шаршау туралы ойламаймыз. Өйткені біз еліміздің Отанын қорғаушыларымыз ғой...- дейді учаскелік полиция инспекторы.


Сондай-ақ ол жұмыс барысында кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналарына қауіпсіздік шарасы бойынша жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындармен кездесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау әрі қандай да бір оқыс оқиғалар бола қалса, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірден құқық қорғау органдарына хабарласуын ескерту шараларын әрдайым жүргізіп отырады.

— Жалпы жұртшылықпен тіл табысу — кез-келген учаскелік полиция инспекторы үшін ең басты талап. Сол себепті бұл сала мамандарының қызметіне деген халықтың сенімі полиция жұмысының басты көрсеткіші болып табылады, - дейді Әмір Рақымбекұлы.

Оның айтуынша учаскелік полиция инспекторлары көбіне отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, түнгі уақыттағы тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық фактілер, қоғамдық орындарды ластау фактілері бойынша түскен істерді қарастырады.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеті санайтын полицейлердің басты қаруы мен күші заң екені рас. Десе де жүктелген міндеттерді абыроймен атқару үшін батылдық пен еңбекқорлық, тәртіп пен табандылық та қажет.

— Бұл салада қызмет ету үшін кәсіби біліктілікке қоса, сабырлылық пен төзімділік те бойдан табылуы тиіс. Бұл қызмет адамнан мол қажыр-қайратты, ерлікті қажет етеді. Менің ойымша, сол кезде ғана аумақтағы құқық тәртібін нығайтуға болады. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, өзгеден тәртіпті талап ету үшін алдымен өзіміз тәртіпті болуымыз қажет. Қазіргі таңда өзіме белгіленген аумақтағы халықтың тыныштығын қорғап, абыроймен қызмет етіп келемін.

Өмірдің мәні адамгершілікті болу деп білетін кейіпкеріміз күнделікті қауырт жұмысқа қарамастан форманы сақтау үшін спорттық жаттығулармен де айналысуға уақыт табады.


Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауда алғы шепте тұратын тыныштық күзетшісі өз мамандығымен мақтанатынын жасырмады. «Жұмыстың талабы қатал. Сондықтан босаңсып, осалдық танытуға мүлдем болмайды. Осы салада қызметімді бастаған сәттен бері бірталай азаматтармен жолықтым. Олардың көптеген оқиғаларын естідім. Бір ерекше атап өтерім, осы қызметте жұмыс істеп жатқаныма мүлдем өкінбеймін. Керісінше Қазақстанның азаматы ретінде құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын, - деп сөзін түйіндеді елордалық учаскелік полиция инспекторы Әмір Рақымбекұлы.

Келешекке деген арман-мақсаттарына біртіндеп қол жеткізіп жатқан рухты, өршіл, намысты полиция қызметкері Әмір Зекенге осынау абыройлы әрі аса жауапты саланың биігінен көруіне тілектеспіз.

  

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: