ҰБТ-дан жоғары балл жинау үшін не істеу керек?

Кеше, 18:05 201

Мектеп бітіруші сыныптың кез келген оқушысы ҰБТ-ға дайындыққа жең сыбана кіріседі. Себебі бағдарламалық материалды қаншалықты жақсы меңгергені оның болашағына әсер етеді.

Интернеттің қарқынды дамуы ҰБТ-ға өз бетімен дайындалуға көптеген мүмкіндік ұсынды. Мәселен, онлайн-тесттер, арнайы сайттар және тағысын тағы. Бірақ мұндай алуан түрліліктің арасында талапкерлер жиі шатасып, қандай ресурс таңдайтынын білмей қалуы тағы бар.

El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі  ҰБТ-ға дайындықты неден бастау керек екенін зерттеп, қандай қателіктерден аулақ болған жөн және оқу тиімділігін қалай арттыруға болатынын түсіндіріп береді.

ҰБТ-ға дайындықты неден бастау керек?

Мектеп оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеуге қалай дайындалу керектігін білмей, материалдарды бейберекет қайталап, тестілеу уақытына дейін барлық тақырыпты өтуге үлгермей жатады. Қазақстан тарихы немесе басқа пәндердің тақырыптарын қайталамас бұрын, ұйымдастыру мәселелеріне жеткілікті назар аударған жөн.

Профильдік пәндерді таңдау

Тестілеуге қатысатын оқушылар 3 міндетті пән мен 2 таңдау пәнін тапсырады. Профильдік пәндер талапкердің таңдаған мамандығына байланысты анықталады. Мысалы:

  • Математика + Физика
  • Биология + Химия
  • География + Шетел тілі
  • Дүниежүзі тарихы + Құқық негіздері

Арнайы мамандықтар үшін профильдік пәндер туралы ақпаратты университеттің қабылдау комиссиясынан немесе ресми сайтынан білуге болады. Сондай-ақ, қосымша емтихандардың бар-жоғын сұрау маңызды. Кейбір мамандықтар үшін ағылшын тілі немесе информатикадан университетте қосымша емтихан болуы ықтимал.

Сабақ кестесін құру

ҰБТ-ға дайындықты неден бастау керек? Алдымен онлайн тестілеуден өтіп, оқушы өзінің осал және мықты тұстарын анықтайды. Осы ақпаратпен тестілеуге дейін қалған уақытты ескере отырып, сабақ кестесін құру қажет.

  • Жеңіл тақырыптарды біріктіріп, бір сабақта қайталауға болады.
  • Қиын тақырыптарға бірнеше сабақ арнаған жөн.
  • Күрделі тақырыптар көп болып, уақыт тапшы болса,  жаттықтырушы (репетитор) көмегіне жүгінген дұрыс.

Репетитор оқуға қажетті материалдарды өзі таңдап, оқушының прогресін бақылап, күрделі тақырыптарға жеткілікті уақыт бөледі.

Оқу материалдарын таңдау

Әр пән бойынша 3-4 түрлі материалды пайдалануға болады: оқулықтар, көмекші құралдар, энциклопедиялар, ақпараттық сайттар, бейнесабақтар. Бастысы, оқулық ресми мектеп бағдарламасына сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім министрлігімен мақұлданған болуы шарт.

ҰБТ пәндері бойынша әдістемелік нұсқаулықтарды Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан табуға болады. Ескі оқулықтарды пайдаланбанған жөн. Жаңа материалдар соңғы өзгерістер ескеріле отырып жасалады.

ҰБТ-ға дайындық кезіндегі қателіктер

Мектеп бітірушілер мұндай маңызды тестілеуді алғаш рет тапсырған соң, қателік жасауларында еш әбестік жоқ.

Сонда да жиі кездесетін қателіктерден аулақ болған жөн:

-Жаттап алу

Материалды жаттап алу нәтиже бермейді. Тақырыпты түсініп оқыңыз. Формулалар мен даталарды есте сақтау маңызды болғанымен, басқа материалдарды түсінуге негізделген оқу тиімдірек екенін ұмытпаған жөн.

-Ерекше ынтамен дайындалмау

ҰБТ-ға дайындыққа уақытты жеткілікті дәрежеде бөлу маңызды. Сонда да түнгі мезгілде оқу немесе 2 сағаттан артық үзіліссіз дайындалу дұрыс емес. Түнде немесе ұзақ сабақтардан кейін материалды жақсы меңгеру қиын. Ал шамадан тыс шаршау мотивацияның төмендеуіне әкелетіні сөзсіз.

-ҰБТ бағдарламасын алдын ала оқымау

ҰБТ-ға тиімді дайындалу үшін пән бағдарламаларын мұқият оқу керек. Онда тестілеуден өтуге қажетті білім мен дағдылар, тақырыптардың хронологиялық реттілігі көрсетіледі. Бағдарламаны елемеу білімдегі олқылықтарға және сапасыз дайындыққа әкелуі мүмкін.

«Шпаргалка» жасау материалды жүйелеуге және бекітуге көмектеседі. Бірақ оларды үйде қалдырып, қолданбау қажет. Тестілеу кезінде «шпаргалканы» қолдану дұрыс емес.

ҰБТ қатысушылары тест орталығына кірер алдында тексерістен өтеді. Сол себепті «шпаргалка» немесе телефон қолдану мүмкін болмайтынын ескерген жөн.

ҰБТ «1 қатысушы – 1 компьютер – 2 камера» принципімен өтеді. Өз біліміңе сену қажет.

ҰБТ-ға дайындық кезінде нені ескеру керек?

Мотивация

ҰБТ-ға дайындықты жақсы көңіл-күйден және мотивациядан бастаған дұрыс. Мотивациясы жоғары оқушы материалды тезірек және сапалы меңгереді.

Тұрақты сабақтар

Кестеге сабақтарды қосу жеткіліксіз. Әр сабақты уақытында өту және материалды толық меңгеру маңызды. Бұл жоғары балл жинауға және қалаған оқу орнына түсуге көмектеседі. Сабақтарды ұмытпау үшін жазып отырыңыз.

Жұмыс атмосферасы

Сабақ кезінде оқушының көңілін ештеңе алаңдатпауы керек. Телефон, басқа да гаджеттердің дыбысын өшіріп, жұмыс үстелінде тек оқу құралдарын қалдырған абзал.

ҰБТ-ға дайындық кезінде сынақ тестілеуге қатысу да маңызды. Бұл оқушыны емтиханның атмосферасына үйретіп, оның білім деңгейін анықтайды. Сондай-ақ, кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді. Сынақ тестілеуден кейін оқушы негізгі сессияға моральдық және практикалық тұрғыда дайын болады.

Ата-ананың қолдауы

Бала психологиялық қолдаусыз өзін сенімсіз сезінуі ықтимал.

Ата-ана балаға қалай көмектесе алады?

- Емтихан кезінде мазасыздықты жеңуге арналған психологиялық әдістерді үйрету.

- Нәтиже қандай болса да, қолдайтынын түсіндіру.

- Қиын тақырыптарды бірге қарастыру немесе репетитор жалдауды ұсыну арқылы.

ҰБТ-ға дайындықтың негізгі жолдары қандай?

Тестілеуге дайындықтың негізгі екі жолы бар: курстарға қатысу мен репетиторлар көмегіне жүгіну. Екі әдіс те онлайн немесе офлайн форматта жүргізілуі мүмкін.

Курстардың артықшылықтары:

  • Басқа оқушылармен тәжірибе алмасу.
  • Топтық оқуда бәсекелестік арқылы ынталану.
  • Құны жеке репетитордан арзанырақ.
  • Сабақ бағдарламасын немесе қарқынды өзгерту мүмкіндігі жоқ.
  • Курста мұғалімнің назары барлық оқушылар арасында бөлінеді, сондықтан әр оқушыға жеке көңіл бөлу қиынға соғады.
  • Қиындық туындағанда мотивацияның төмендеуі және пәнге деген қызығушылықтың жоғалуы ықтимал.
  • Сабақ кестесі бекітілген, оны өзгерту мүмкін емес.

Репетитордың артықшылықтары:

- Сабақ оқушының кестесіне бейімделеді.

- Сабақ өтпей қалса, репетитор оны басқа күнге ауыстырады. Ал материалды өз бетімен оқудың қажеті болмайды.

- Репетитор оқушының жеке қажеттіліктеріне қарай тақырыптарды және оқу қарқынын реттей алады.

- Мұғалім оқушының білім деңгейін толық тексеріп, материалды түсінуге көмектеседі.

- Сабақтар офлайн, онлайн форматта да өтеді. Оқушы өзін нашар сезінсе сабақты қашықтан оқу мүмкіндік бар.

ҰБТ-ға дайындық деңгейі әр оқушының жеке қажеттіліктеріне байланысты анықталады. Өз бетінше дайындық жасау қиын болса, репетитор немесе курстардың көмегіне жүгінген дұрыс. Жүйелі дайындық, сапалы материалдар мен орынды мотивация қалаған нәтижеге жетуге көмектеседі. Бастысы, өзіне толықтай сеніп,  алға қойған мақсаттарға талпынса болды!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: