ҰБТ-дағы орташа балл анықталды

13 Шілде, 12:16 833

Қазақстанда 2024 жылғы негізгі ҰБТ аяқталды. Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығы нәтижелерді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер (екі мүмкіндікте есепке алғанда 326 мың рет) ҰБТ тапсырды.

Оның ішінде:

Талапкерлердің 75,1%-ы қазақ тілінде, 24,8%-ы орыс тілінде, 168 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті;

шекті балды 76,4%-ға жуық (139 мың) талапкер жинады;

орташа балл – 68 балл;

641 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қатысты;

ең жоғары балл – 140.

Ереже бұзғаны үшін 628 адамның нәтижелері жойылды. Атап өтсек:

смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 393 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;

тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 188 адам шығарылды;

бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 47 адамның нәтижесі жойылды;

бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетейік, биыл 65 мыңнан астам апелляциялық өтініш келіп түсті. Апелляцияны қарастыратын комиссия жұмысын 13-14 шілде аяқтайды, содан кейін талапкерлердің сертификаттары Жеке кабинетте қолжетімді болады.

Сондай-ақ ҰБТ кезеңінде электрондық пошта, call-орталық, әлеуметтік желілер бойынша 300 мыңға жуық өтініш өңделді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: