Уақыт межесі.

28 Мамыр 2014, 04:54

Көшпелі қазақ өзінің ұзына тарихында уақытты межелеудің бес түрлі жүйесін қолданған.

Көшпелі қазақ өзінің ұзына тарихында уақытты межелеудің бес түрлі жүйесін қолданған. Бірінші, тоғыс айларының есебі. Екінші, азаматтық айлар есебі. Үшінші, әр маусымды өз ішінде үшке бөлу арқылы қалыптасқан 12 айлық есеп (байырғы гректер қолданған зодиак айлар есебі). Төртінші, араб жұрты қолданған айлар есебі. Бесінші, жалпы еуропалық кален­дарь. Бұлардың сыртында адамның жасын есептеу үшін «мүшел есебін», табиғат құбылыстарын болжау үшін «амал есебін» қолданған.

Уақытты межелеу үшін қолданған жүйелердің ішінде дәстүрлі тоғыс есебі мен азаматтық айлар есебі көшпелі қазақтың өмір салтында айрықша орын алған. Уақыт пен табиғат құбылыстарын аспан денелерімен шендестіре зерделеу барысында көшпелілер мейлінше те­рең астрономиялық білік-тәжірибе жинақтаған. Бұл ретте көшпелілер арасына ең кең тараған тәжірибе ретінде тоғыс есебін айтуға болады. Ай мен Үркердің тұспа-тұс келуін, есепшілердің тілімен айтқанда «Айдың Үркерді басып өтуін» тоғыс деп атайды. Ежелден-ақ көшпелі қазақ тоғыс пен тоғыстың арасында өтетін уақытты тоғыс айы деп атаған. Тоғыс айының ұзақтығы шамамен 27, 32 күн немесе 27 күн 8 сағат болады. Әдетте Үркер мен Ай жыл бойында 13 рет тоғысады. Үркер 40 күн көрінбейтін болғандықтан, есепшілердің тілімен айтқанда, «Үркер 40 күн жерде жатқандықтан" 13 тоғыстың екеуі көрінбейді. Яғни, жердегілер Ай мен Үркердің II тоғысын ғана көреді. Есепшілер тоғыс айларын бір-бірінен сандық атау бойынша айырып атайды. Мәселен, Айдың нешінші жаңасында тоғыс болса, сол санмен тоғыс айы аталады. Егер Ай орағы 3 жаңасында Үркермен тұспа-тұс келсе, оны үш тоғыс айы деп атайды. Яғни, Үркер мен Ай тоғысатын белгілі бір айды бір тоғыс айы, үш тоғыс айы, бес тоғыс айы, жеті тоғыс айы, тоғыз тоғыс айы, он бір тоғыс айы, он үш тоғыс айы, он бес тоғыс айы, он жеті тоғыс айы, он тоғыз тоғыс айы, жиырма бір тоғыс айы, жиырма үш тоғыс айы, жиырма бес тоғыс айы деп атайтын дәстүр қалыптасқан. Тоғысу Айдың тақ санды жаңасында ғана емес, жұп санды жаңасында да болуы мүмкін. Бірак, қазақ есепшілері, онсыз да күрделі тоғыс есебін жеңілдету үшін тақ санға келтіріп атауды дәстүр еткен. Тоғыс айлары 28 күннен қайырылып отыратын болғандықган, азаматтық айлардың есебімен сай келе бермейді. Яғни, көшпелі қазақ үшін азаматтық айлар (күннің есебі) уақытқа өлшем болса, тоғыс айлары (айдың есебі) табиғат құбылыстарына өлшем-меже болып отырған. Сондықтан да қазақ есепшілері «Бес-тоғыста қар кетпес», «Үштоғыста қар қалмас», «Бес-тоғыста күйек түседі», «Үштоғыста қой қоздайды» т. б. деп келетін толып жатқан тұрақты сөз тіркестері арқылы табиғат құбылыстары мен шаруашылық жағдайларын күні бұрын болжап, қаперге ала білген.

Қазақтың дәстүрлі тоғыс есебін елестету үшін 1996-1997 жылдарға сәйкес келген тоғыс айларының кестесін келтіруге болады.

 

1996 жылы:

Бір тоғыс айы – 19 шілде мен 15 тамыз арасы,

Жиырма бес тоғыс айы – 16 тамыз бен 13 қыркүйек арасы,

Жиырма үш тоғыс айы – 14 қыркүйек пен 10 қазан арасы,

Жиырма бір тоғыс айы – 11 қазан мен 7 қараша арасы,

Он тоғыз тоғыс айы – 8 қараша мен 5 желтоқсан арасы,

Он жеті тоғыс айы – 6 желтоқсан мен 2 қаңтар арасы,

Он бес тоғыс айы – 3 қаңтар мен 30 қаңтар арасы,

Он үш тоғыс айы – 1 ақпан мен 28 ақпан арасы,

 

1996-1997 жылдары:

Он бір тоғыс айы – 29 ақпан мен 25 наурыз арасы,

Тоғыз тоғыс айы – 26 наурыз бен 22 көкек арасы,

Жеті тоғыс айы – 23 көкек пен 22 мамыр арасы,

Бес тоғыс айы – 23 мамыр мен 19 маусым арасы.

Үш тоғыс айы – 20 маусым мен 17 шілде арасы.

 

Осынау дәстүрлі тоғыс есебі бойынша бір жылда 364 тәулік бар. Бұған үш тоғыс айының соңынан бір күн қосылады; яғни шілде айының 18-і қосылып, бір жыл ішінде 365 тәулік болып шығады. Тоғыс айлары басталатын айдың күндері дәл сол меже бойынша әрбір 19 жылда бір рет қайталанып отырады. Мәселен, бір тоғыс айы 1996 жылы шілде айының 19-ы күні кірсе, содан 19 жыл өткен соң, 2015 жылы тағыда шілде айының 19-ы күні бір тоғыс айы басталады.

Тоғыс есебі Ай мен Үркердің орналасуына байланысты жүргізілетін болғандықтан, үнемі ашық аспан астында жүретін көшпелі-қазақ үшін жыл мерзімін тоғыс айлары бойынша межелеу ыңғайлы болған. Былайша айтқанда, Ай мен Үркердің белгілі бір мерзімде тоғысып отыратын заңдылығы көшпелі қазаққа қолдағы сағат немесе қабырғадағы күнпарақ (календарь) сияқты көрнекілігімен ден қойдырған.

Әлем халықтарының жыл есебін жүргізу дәстүрімен салғастырғанда қазақтың дәстүрлі тоғыс есебі өзінің көнелігімен де, біршама дәлдігімен де назар аударады.

Уақыт есебін жүргізуде қазақ арасында азаматтық айлар жүйесі де жиі қолданылып, бұқаралық сипат алған. Азаматтык, айлар жүйесін жаңа санат (Григориан календары) бойынша былайша кестелеуге болады:

Наурыз – 22 наурыз бен 20 көкек арасы,

Көкек – 21 көкек пен 20 мамыр арасы,

Мамыр – 21 мамыр мен 19 маусым арасы,

Маусым – 20 маусым мен 19 шілде арасы,

Шілде – 20 шілде мен 18 тамыз арасы,

Тамыз – 19 тамыз бен 17 қыркүйек арасы,

Қыркүйек – 18 қыркүйек пен 17 қазан арасы,

Қазан – 18 қазан мен 16 қараша арасы,

Қараша – 17 қараша мен 16 желтоқсан арасы,

Желтоқсан – 17 желтоқсан мен 15 қаңтар арасы,

Қаңтар – 16 қаңтар мен 14 ақпан арасы,

Ақпан – 15 ақпан мен 16 наурыз арасы,

Бес қонақ – 17 наурыз бен 21 наурыз арасы.

 

Кібісе (високосный) жылдары ақпан айы 15 ақпаннан 15 наурызға дейін, ал бесқонақ күндері 16 наурыздан 21 наурызға дейін болады.

Қазақтың азаматтық айлар жүйесі бойынша тарихи уақыт межесін анықтау үшін ескі санат (Юлиан календары) есебін шығару қажет болса, онда жаңа санаттың (Григориан календары) XX ғасыр күндерінен 13 тәулікті, XIX ғасыр күндерінен 12 тәулікті, XVIII ғасыр күндерінен II тәулікті алып тастау керек.

Қазақтың астрономиялық білім-тәжірибесі көшпелі өмір салттың барлық жағдайына бағдаршы болып отырған. Түптеп келгенде, Еуразияның Ұлы Даласындағы көшпелі өмір салт астрономиялық және фенологиялық тәжірибенің жинақталуы арқылы орныққан деп тұжырым жасауға әбден болады. Бұл ретте, мақал-мәтелдер, аспан денелерінің атаулары және фенологиялық тәжірибе тұжырымдары халықтық таным-түсініктің ең ішті айғағы ретінде ден қойдырады.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК, «Қазақ әлемі»

Бөлісу: