ТЖМ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қызметінен кетті

Бүгiн, 12:29 169

Ерлан Нұрпейісов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі қызметінен босатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ерлан Сәдкенұлы Нұрпейісов Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары қызметінен босатылды, делінген хабарламада.

53 жастағы Нұрпейісов Шығыс Қазақстан облысынан, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы техникалық институтының түлегі. Еңбек жолын 1992 жылы ІІБ өрт сөндіру бөлімінде өртке қарсы дайындық және өрт сөндіру қызметінің инженері болып бастады.

1993-2005 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында түрлі қызметтер атқарған. 2005-2006 жылдары өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, 2006-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары болды.

2007-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметін басқарды. Нұрпейісов 2012-2018 жылдары Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды, одан кейін 2018-2020 жылдары Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.

2020-2023 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болды.

Перизат Саденова
Бөлісу: