ТЖМ: Су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді

14 Ақпан, 17:51 551

ҚР ТЖМ орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындықты талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Баспасөз конференциясы барысында су тасқынына қарсы 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4096 су айдау және 640 жүзу құралы бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылғаны айтылды.

Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері жоғары дайындыққа келтірілді. Жедел кезекшілікте құтқару авиациясы бар, - деп түсіндірді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсет Жылқайдаров.

Оның айтуынша, командалық-штабтық машиналар базасында нақты уақыт режимінде ықтимал төтенше жағдайлар аймақтарынан ақпарат беру үшін жедел басқару топтары құрылды.

Қазіргі уақытта министрліктің су тасқынына қарсы жедел штабы мемлекеттік органдардың мамандарын тарта отырып, тәулік бойы жұмыс істейді. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде де бар. Оңтүстік және батыс өңірлердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы ақпаратты беріп отыратын тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттер қойылды, - деді спикер.

Айта кету керек, Қазгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, 9 өңірде жоғары су басу қаупі күтілуде.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: