ТЖМ саяжайларда от жағып, кәуап пісіруге тыйым салу бойынша түсінік берді

Кеше, 08:41 339

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, саяжай және бау-бақша учаскелерінде от жағуға, қоқыстарды жағуға және өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге тыйым салу жаңа енгізілген норма емес, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл норма 2006 жылдан бері бар, сәйкесінше әкімшілік жауапкершілік те бұрын бекітілген. Қазіргі уақытта бұл норма  қолданыстағы Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 174-тармағында жазылған. Онда құрғақ, ыстық және желді ауа райы тұрақты болған жағдайда қалаларда, ауылдық елді мекендерде және кәсіпорындарда, саяжайлық ауылдарда, бау-бақша учаскелерінде от жағуға, көмір, қоқыс, қалдықтар, құрғақ шөпті жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге, сондай ақ стационарлық емес сұйық, қатты және газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін пештерді, ас-үй ошақтарын және қазандық қондырғыларын жағуға жол берілмейді делінген.

Қолайлы ауа райы жағдайында ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 м қашықтықта, осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген орындарда және тұрақты бақылауда от жағуға және қалдықтарды жағуға рұқсат етіледі. Ал мангалды (барбекюді, грильді) ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 10 м қашықтықта пайдалануға жол беріледі, сондай-ақ орнын бір өрт сөндіргішпен немесе кемінде 10 литр суы бар сыйымдылықпен жабдықтау қажет.

Мангалды (барбекюді, грильді) құрғақ өсімдіктері бар орындарда, ағаштардың түбінде, жанғыш материалдардан жасалған жабындардың астында орнатуға тыйым салынады.

Ведомство Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабына сәйкес өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Асқар Таудай
Бөлісу: