Табиғат ана кейде тосын мінез танытып жатады. Қандай да бір төтенше жағдай орын алса, ең алдымен адам өміріне қауіп төндіріп, үлкен материалдық шығынға әкеп соғатыны бәріне аян. Осындайда өз өмірінен бөлек, өзге жанның өмірі үшін басын бәйгеге тігетін ТЖМ құрылымының жұмысы орасан.
Сын сағаттарда елдің алдыңғы шебінде тұратын да осы сала қызметкерлері. Ел қауіпсіздігін көздің қарашығындай күзете білетін білікті кадрлар дайындатын ТЖМ азаматтық қорғау академиясы бар. Біз сөз еткелі отырған ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы Көкшетау қаласында орналасқан.
Бүгінде академия 5 мыңнан астам білікті мамандарды дайындайды. Осыдан 25 жыл бұрын ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесінің Көкшетау филиалының базасында ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің өртке қарсы және авариялық-құтқару жұмыстарының Көкшетау жоғары училищесін құру туралы қаулы қабылдаған болатын. Осы сәттен бастап жоғары кәсіптік білімі бар мамандарды дайындау басталды.
Академия тарихы
Академия тарихын шартты түрде бес кезеңге бөліп қарастыруға болады. 1997 жылы жоғары кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша толық оқу цикліне алғашқы курсанттар қабылдана бастады. Ал 1999-2009 жылдар аралығында ҚР Үкіметінің қаулысымен училище ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің Көкшетау техникалық институты болып өзгертілді. Үкіметаралық келісімдерге сәйкес 2003 жылдан бастап академия курсанттары мен офицерлері тұрақты негізде Ресей мен Беларусь мемлекеттеріне ТЖМ оқу орындарына оқуға жіберіле бастады.
2009 жылы «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша әскери іс және қауіпсіздік бакалаврларының алғашқы түлектері шықты.
2010-2015 жылдары институтта инновациялық технологияларға үлкен көңіл бөлінді. Оқу процесі ақпараттандырылды, өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы ғылыми компонент дамыды. Осы жылдан бастап, академия «Өрт қауіпсіздігінің, төтенше жағдайлардың алдын алудың және оларды жоюдың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.
Сол жылы азаматтық қорғау мамандарын даярлауда институт халықаралық деңгейге шықты. Үкіметаралық шарттарға сәйкес, академия базасында Қырғыз Республикасының өкілдері өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша оқи бастады. 2016-2019 жылдары академия оқытудың жаңа стандарттарына шықты.
2017 жылы дербес оқу орны ретінде 20 жасқа толды. Қалыптасу және даму жылдары оқу орны кадрларды даярлаудың жеткілікті тиімді жүйесін құруға, оқу-материалдық базаны сақтауға және көбейтуге, педагогтер мен ғалымдар ұжымын қалыптастыруға, ҚР азаматтық қорғау жүйесі үшін мамандар даярлау ісінде белгілі бір табыстарға қол жеткізді.
Ал 2020 жылғы 9 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұрынғы Көкшетау техникалық институты, қазіргі академия ведомстволық бағынысты мекемеге айналды. Содан кейін үкіметтің 2021 жылғы 13 мамырдағы қаулысы бойынша институт Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы болып қайта аталды. 2021 жылы академия 136 түлекті ұшырды.
Білікті мамандарды дайындайды
Азаматтық қорғау академиясы құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Онда оқу «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық» бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
Сондай-ақ, академияның Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен қалаларында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын 6 оқу орталығы бар. 1997 жылдан бастап оқу орнында 5000-нан артық жоғары білікті мамандар даярланды. Оның ішінде 132 үздік диплом алды.
Қалыптасу және даму жылдары академия білікті кадрларды дайындауда белгілі бір табыстарға қол жеткізді. Академияның жеке құрамы білікті мамандарды сапалы даярлау үшін алдағы уақытта да барлық күш-жігерді жұмсауға дайын. Биыл магистратураға алғашқы қабылдау жүргізілді.
Жуырда Көкшетау қаласында «Тәуелсіздік» орталық алаңында академияның 1-курсына қабылданған 100 курсанттың салтанатты түрде ант беру рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР ТЖМ бөлім басшылары мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты. Бұл күні бірқатар ардагерлер мен қызметкерлер азаматтық қорғау органдары саласындағы білім мен ғылымдағы жетістігі үшін «Мәлік Ғабдуллин» төсбелгісімен бірқатар қызметкерлер марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта академияда Қазақстан мен Қырғыз елі арасындағы екі жақты келісімдер шеңберінде Қырғыз республикасының 11 азаматы білім алуда.
Төтенше жағдай саласында 55 жыл қызметте
Осы салада жүргеніне 55 жыл болған Сапарғали Асылбеков академияда курсанттарға мамандықтың қыр-сырын үйретуде. Институтта қызметте жүргеніне 7 жыл болыпты.
Сапарғали Асылбеков - ҚР еңбек ардагері, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктерінің құрметті ардагері, институттың аға ғылыми қызметкері. Бүгінде институттың жанынан ашылған мұражайды басқарады. Мұражайдың құрылуына, оның одан әрі дамып, жетілуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Айтуынша, мұнда 500-ден астам жәдігер бар. Шағын мұражай залында оқу-жаттығу құралдары, осы қызметте еңбегі сіңген ардагерлер мен тұлғалардың фотосуреттері мен өмір жолындағы қызметтерінен бастап, өрт сөндіру қызметінің бүкіл тарихы көрсетілген.
«Ең алғаш академияға оқытушы ретінде жұмысқа орналастым. Курсанттарға сабақ бердім. Одан кейін оқу орнының жанынан мұражай ашу керек болып, осы қызметке бірден кірісіп кеттім. Ашылмастан бұрын екі жыл көлемінде алдын ала дайындық жүргізілді. Мұражайдың ашылғанына – 4 жыл болды. Стендтер өрт сөндіруші батырларға арналған, олар өз өмірлерін қатерге тігіп, соңғы минутқа дейін өрт апатымен күресіп, кәсіби борышын орындап, батылдық пен жанқиярлық көрсеткен тұлғалар. Сондай-ақ, мұражайда 70-ші жылдары құтқарушыларды дайындаған уақытта қолданылған өрт сөндіретін мотопомпаларда орналастырылған. Кезінде оқу құралы ретінде пайдаланылған бұл жәдігерлерді академия мұражайынан басқа еш жерде кездеспейді», - дейді.
Азаматтық қорау кафедрасында сабақ бере отырып, курсанттарға төтенше жағдайлардан сақтану жолдарын үйретумен қатар, ай сайын кездесулер өткізетінін айтты. Өрт сөндірушілер мен құтақарушылар әулетінің ең үлкені. Екі ұлы да төтенше жағдайлар саласында қызмет істейді. Бірі полковник болса, екіншісі подполковник болып осы академияда міндеттерін атқаруда.
Бала күнгі арманым
Бұл салада қызмет істеп жүрген жастардың қарасы қалың. Әскерден келе салысымен, осы бағытқа кететіндер көп. Солардың қатарында Нұрбек Мықтыбекұлы да бар. Бүгінгі таңда жас курсант Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 4-курсында оқиды.
Ол 2019 жылы орта білімді сәтті аяқтап, осы оқу орнына түскен. Айтуынша, кішкентайынан оқуға деген талпынысынан бөлек, спортқа, қоғамдық жұмыстарға құлшына кіріскен.
«Бұл әлемде бір мамандық бар. Яғни, адамды құтқаратын «Құтқарушы» мамандығы. Сауаптылығы мен абыройы қатар жүретін бұл салада қызмет істеу бала күнгі арманым болды. Адамдарға көмектесу, алғысын алу сонымен қатар еліме адал қызмет етіп елімнің өркендеуіне кішкене болса да үлес қоссам бұл мен үшін үлкен абырой деп білемін», - дейді.
Жас курсант кез келген мамандықтың өзіндік қиыншылықтарымен қатар кызықтары да бірге жүретінін біледі.
«Біздің мамандықтың қиын тұстары өте көп, себебі өз өмірлерін қатерге тіге отырып адамдардарды қауіптен құтқарып, өртті сөндіреді. Осындай ауыр жұмыстан соң, адамдардың алғысымен қуанышты жүздерін көрген кезде, бар қиыншылықты, шаршауды ұмытасың. Алдыға қойған мақсатым өте көп. Ол мақсаттарға жету үшін көп еңбектенуім қажет деп білемін. Менің өмірлік ұстанымым мейлінше «сөзбен емес іспен дәлелдегенді» жөн көремін», - дейді жас курсант.
Бала күнінен белсенді болған ол кикбоксингтен спорт шеберіне үміткер, облыстық қалалық жарыстардан жүлделі орындарынан көрінген. Ал білім саласында математика, тарих пәндерінен калалық олимпиадаларда нәтижелі көрсеткіштерге жеткен.
«Бұл жетістіктерімнің бәрі - мені тәрбиелеп, әрдайым қолдау білдіріп, үлкен үміт артып отырған ата-анам мен ұстаздарымның еңбегінің арқасы. Өзім теңдес курсанттарға айтарым, 3 жыл казармада өтіп жатқан уақыттарыңды тиімді әрі пайдалы іспен айналысыңдар дегім келеді. Казармадағы өмір ол өз-өзіңді дамытуға деген үлкен бір мүмкіндік. Яғни адам болып қалыптасу, бос уақытта кітап оқып маңызды және керекті дүниелерді бойға сіңірумен бірге спортпен айналысу, тазалықпен тәртіпке бейімделуге таптырмас орын дер едім», - деп тілге тиек етті.
Жас курсант академияда тәрбиеленіп, мамандығының қыр-сырын үйренумен қатар еліне бір пайдам тисін деген ниетте. Сондай-ақ, бұл жер алыстағы ата-ананың, туған-туыстың жақын бауырлардың қадірін түсінетін орта деп есептейді.
Суреттер: ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының баспасөз қызметі.