ТЖМ қызметкерлері джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

2 Желтоқсан, 20:35 500

27 қараша және 2 желтоқсан аралығында Польша Республикасы Миколув  қаласында СOMBAT JU-JITsu бойынша әлем чемпионаты өтті. Аталған жарыста қазақстандық ТЖМ қызметкерлері үздік атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық жарысқа 32 елден  860 спортшы қатысып, өзара шеберлік көрсетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар арасында бәсекелестік жоғары болды.

Қазақстан атынан сынға түскендердің қатарында Шымкент қаласы ТЖД жүргізушісі Акбар Елубайұлы, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 өрт сөндіру бөлімінің технигі Талант Тоқтыбаев және ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімінің технигі Олжас Батырхан да болды. Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін  қызметімен қатар, спортта да табысқа жеткен спортшыларымыз бұл жолы да  үздік екендіктерін дәлелдеп, жүлделі орын алды,-делінген ТЖМ мәліметінде.  

93 кг салмақта сынға түскен Акбар Елубайұлы бірінші орынды алып, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды. Ал Талант Тоқтыбаев 85 кг салмақта бірінші орын алып,  алтын медальді иеленді және  әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Олжас Батырхан 63 кг салмақта екінші орынды алып, күміс жүлдеге ие болды. 

Әлемдік аренадағы жеңіс біз үшін жеке жетістік қана емес, еліміздің барлық құтқарушыларының жеңісі. Бірінші кезекте біз ТЖМ мен министрге қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз. Ең бастысы біздің бүгінгі жеңісіміз ғана емес, кез келген төтенше жағдайда біз қай жерде болмасын көмекке келуге дайынбыз, - деп атап өтті чемпиондар.

Зарина Арман
Бөлісу: