ТЖД: Түркістан облысында су бұру жұмыстары жалғасып жатыр

2 Ақпан 2023, 23:27 1613

Қазіргі уақытта 4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Төтенше жағдайлар министрлігі Түркістан облысында қалыптасқан су тасқыны ахуалы және қабылданып жатқан шаралар туралы соңғы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі сәтте 4 елді мекенде, атап айтқанда Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға және Арыс қаласында  су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 12 000 бірлік құм салынған қап төсеу жұмыстары жүргізілді. Қарнақ ауылында Кентау қаласы, Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарында барлығы 21 көше мен 235 аула аумағын, сондай-ақ Ордабасы ауданында мектептің аумағын су басқан. Жұмыс жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдарынан 400-ден астам адам, 70-ке жуық бірлік техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам және 201 ұсақ мал эвакуацияланды. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.

Республикалық және облыстық жедел штаб жұмыс істейді.

Жедел желі телефондары жұмыс істейді: Астанада - 87172533284; Түркістан облысында - 87253357881.

Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде жол төсемін су шайды. Су тасқынына байланысты облыстық маңызы бар «Көксаят-Ақсу-Саян-Мыңбұлақ-М-32», 118-136 км 117-179 автожолы жабылды.

Төтенше жағдайды жою үшін Түркістан облысына Шымкент қаласының ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ температуралық фонның жоғарылауы, қардың белсенді еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.

Осыған дейін Түркістан облысының әкімі су тасқынына байланысты штаб отырысын өткізгені туралы жазған болатынбыз. 

EL.KZ
Бөлісу: