ТЖ жарияланған өңірлерде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме? Тамара Дүйсенова жауап берді

9 Сәуір, 23:31 503

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен су тасқыны салдарын жою шаралары бойынша кеңес өтті. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова медициналық өнімдер мен дәрі-дәрмек қоры туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау бойынша үш негізгі міндет бойынша жұмыстар жасалып жатыр: санитарлық-эпидемиологиялық бригадалар жұмысы, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. 

Атап айтқанда, санитарлық-эпидемиологиялық бригадалар Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен бірлесе су сапасын тексеру және өлексе көмілген жерлер, қоқыс орындары және септиктерді бақылауға алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 

Бұдан бөлек, жұмыс тобы инфекциялық және бактериологиялық аурулардың таралуының алдын алу үшін ресейлік әріптестерімен үнемі байланыста. Жұмыс қорытындысы бойынша ескерту шаралары қолданылады. 

Вице-премьердің айтуынша, барлық жұқпалы ауру ауруханалары мен медқызметкерлер қажет болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істеуге дайындалып отыр.

Алгоритм бар, эвакуациялық пункттерде мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Диспансерлік есепте тұрғандар мен жүкті әйелдер ерекше бақылауда. Дезинфекциялық құралдар мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қорын жасау міндеті тұр, — деді Тамара Дүйсенова.

Қажетті дәрі-дәрмек қорын медициналық ұйымдардың базаларында және СҚ «Фармация» аймақтық қоймаларында жинау жоспарланған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен тығыз байланыста белсенді жұмыс жасап жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: