ТЖ туралы ескертулерді елемегендерге қандай шара қолданылады

31 Қаңтар 2023, 09:01 2022

Тасжолға шығаберісті жапқан полицияның заңды талаптарына бағынбағандар Заңға сәйкес, 30 AEK немесе 103 500 теңге айыппұлдан 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақа алу жазасы бар

Биыл қаңтар басталысымен табиғат ана біраз тосын мінез көрсетіп, жұртты әбігерге түсірді. Әсіресе, жаңа жыл мерекесінен бастап ауа райы бұзыла бастады. Ең қиын күндер қаңтардың 3 мен 4-і аралығына тұспа-тұс келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Неліктен қазақстандықтар ТЖ туралы ескертулерді елемей, өздеріне қауіп төндіреді? Ауа-райының қолайсыздығы кезінде жолға шыққандар қандай жазаға ілікті? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

ҚазАвтоЖол берген ресми ақпаратқа сәйкес, ағымдағы 2022-2023 жылдың қаһарлы қысында жолда қалып қойған 4 мыңға жуық автокөлікке және 8 мыңнан аса жолаушыға жолшылар көмекке келген. Олардың арасында 250-ге жуық бала болған.

Жолда ауыр жағдайға тап болғандардың басым бөлігі – техникалық ақаулары бар көлікпен, қатты аязда дизелдік жанар-жағар маймен немесе ескерту мен шектеге қарамастан жолға шыққан жолаушылар. Ал 1 қаңтардан бері, ауа райының нашарлауына байланысты боранның соғуына байланысты көлік қозғалысына 516 рет шектеу енгізілді.

Яғни, ауа-райының бұзылуына және ескертуге қарамастан, 938 жүк көлігі – 1374 адам, 2780 жеңіл көлік – 5907 адам, балалар – 206, 41 жолаушылар көлігі – 855 адам, балалар саны – 42.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев ауа райының қолайсыздығы кезінде еліміздің 9 өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 79 учаскесінде көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізгендерін жеткізді.

«Осы жағдайларда полиция қызметкерлері авариялық-құтқару және жол қызметтерімен бірлесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автокөліктердің қауіпті жол учаскелеріне шығуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдады. Өз кезегінде жекелеген жүргізушілер полиция блок-бекеттерінде енгізілген қозғалысты шектеу шараларын елемей, қауіпті жол учаскелеріне шығып кетіп отырды. Көбісінің көлігі қар көшкен жерлерде қалып қойып, оларды эвакуациялау мен өмірлерін құтқару үшін полиция және төтенше жағдай қызметкерлері бастарын қатерге тігіп, ресурстарды шығындауға мәжбүр болды», – дейді.

Көлік тізгіндеген жүргізушілер өз қауіпсіздігінен бөлек жолаушылар үшін де жауапты екендерін түсінбейді деп отыр.

«4-5 қаңтарда Қарағанды облысының Балқаш қаласы маңында автожолдың ауа райының қолайсыздығына байланысты жабық учаскесінде 400-ден астам көлік жолда қалып, онда 1,5 мың адам болды. Тіпті, осы учаскеде 5 автокөлік қар үйіндісіне батып, кері қайтқан. Бұған қарамастан, жекелеген жүргізушілер полиция және әкімдік қызметкерлерінің заңды талаптарына өздерін агрессивті және дөрекі ұстап, балағаттауға жол беріп, күш қолдануға дейін барды», – деп тілге тиеке етті.

Осындай қолайсыз күнде жолға шыққандарға да жаз бар екенін бірі білсе, енді бірі білмеуі мүмкін. Мұны да сұрап білдік.

«Мәселен, жол жиегі арқылы өтпекші болған бір автокөлік жүргізушісіне қатысты полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін Әкімшілік кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс әкімшілік сотқа жолданған болатын. Осыған ұқсас жағдай 4 қаңтарда республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай автожолында Абай облысының Боғас, Көкпекті ауылдары маңында болды. Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны және қауіпті жабық учаскеге шыққаны үшін автокөлік тізгіндеген екі жүргізушіге қатысты Әкімшілік кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – дейді.

Ауа райы нашарлаған кезде sms-хабарламалар бәрімізге келетінін білесіздер. Ал оны елемей, тасжолға шығаберісті жапқан полицияның заңды талаптарына бағынбағандар Заңға сәйкес, 30 AEK немесе 103 500 теңге айыппұлдан 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақа алу жазасы бар.

Суреттер: ТЖ министрлігі

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: