ТЖ министрі қоғамға үндеу жариялады

21 Қазан 2023, 15:05 737

ТЖ министрі Сырым Шәріпхановтың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қоғамға үндеу жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрлігі ашық жұмыс форматына көшті. Министрлікте жүргізіліп жатқан трансформацияның басты бағыттарының бірі жеке құрамның идеологиялық және тәрбие жұмысын ұйымдастыру болып табылады.

Кәсіби әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында басшыларды ротациялау және министрліктің штаттық құрылымын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Министрлік басшылығына азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің сенім деңгейін арттыру үшін біз басқарудың барлық деңгейінде ашық және айқын коммуникация жүргізудеміз. Біз үшін әр жағдайды объективті бағалау және қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды.

ТЖМ бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін биылғы жылғы қазан айында «Integrity check» қызметкерлерді адалдыққа тексеру пилоттық жобасы енгізілді. Жоба ондай теріс пиғылды қызметкерлерді дер кезінде анықтауға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

«Integrity check» іске қосылғаннан бері ТЖМ қызметкерлерінің шоттарына белгісіз тұлғалардан қаражаттың аударылғаны туралы 17 хабарлама келіп түсті.
Біздің қызметкерлеріміздің 99,9%–ы өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, өз қызметін адал және абыроймен атқаратын адамдар екенін мақтан тұтамын. Алайда, қатарымызда теріс пиғылды қызметкерлер де болуы мүмкін екенін мойындаймын.

ТЖМ азаматтық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын болады.

Сіздерді біздің қатарымыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикаға қатысуға шақырамын. Егер сіз төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қандай да бір сыбайлас жемқорлық сәттерін байқасаңыз, бізге міндетті түрде хабарлаңыз. Әр өңірдегі төтенше жағдайлар департаменттерінде тәрбие бөлімшелері құрылды, сенім телефондары да бар, олар арқылы да жүгінуге болады.

Тіпті менің ватсап (7 747 651 75 88) нөміріме жазуға болады, Instagram және Facebook-те де менің жеке парақшаларым бар. Сонымен қатар, Е-өтініш сервисі арқылы ресми өтініш жолдауға болады.

Біз адамдарға көмекке келетін қызметпіз. Сондықтан қоғамның бізге деген сенімі басымдыққа ие. Адамдарды құтқарудың игі ісінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді.

Асқар Таудай
Бөлісу: