Тырысқақ бойынша эпидемиологиялық ахуалы тұрақты бақылауда

3 Шілде 2022, 02:35 2515

Соңғы 10 жыл ішінде тырысқақтың жергілікті жағдайлары тіркелген жоқ. 

2022 жылы Қазақстан Республикасында тырысқақ ауруы бойынша қолайлы эпидемиологиялық жағдай сақталуда, деп хабарлайды EL.KZ Санитариялық - эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Соңғы 10 жыл ішінде тырысқақтың жергілікті жағдайлары тіркелген жоқ. 

Жыл бойы эпидемиологиялық және санитариялық-гигиеналық көрсеткіштерді ескере отырып, сыртқы орта объектілеріне (өзендер, су айдындары, рекреация аймақтары) тұрақты бақылау жүзеге асырылады. 

Жыл сайын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауыз судың 9 мың сынамасын, оның ішінде орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға арналған судың 2 мыңға жуық сынамасын, жаппай ұйымдастырылған рекреациялық су пайдалану орындарындағы суды (демалыс аймақтары, бассейндер, субұрқақтар, аквапарктер), сондай-ақ тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маңызы бар нүктелерден 6 мың сынамаға дейін зерттейді. 

Мәселен, 2022 жылдың ағымдағы кезеңінде ашық су қоймалары суының 479 сынамасы зерттелді, оның ішінде 96 сынамада тырысқақ вибрионының уытты емес штамдары анықталды, оның ішінде: 

- орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін су тартудың санитариялық қорғау аймақтарындағы жер үсті су қоймаларының суларынан 51 сынама зерттелді, 4 сынамада тырысқақ вибрионы анықталды (Қызылорда облысы); 

- орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған жағдайда халық ауыз су ретінде пайдаланатын жерүсті су қоймалары суынан 1 сынама зерттелді, нәтижесі - теріс;

- жаппай ұйымдасқан рекреациялық су пайдалану орындарындағы (демалыс аймақтары, бассейндер, субұрқақтар, аквапарктер), сондай-ақ тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маңызы бар нүктелердегі судан 360 сынама зерттелді, 66 сынамада тырысқақ вибрионы бөлінді (Алматы облысы: Талдықорған қаласының батыс шағын ауданындағы канал, Балықты, Қаратал өзендері, Байсерке ауылындағы жаңа және ескі су қоймалары, Бақанас ауылы Іле өзенінің арнасы, Ақдала ауылы көпір жанындағы суармалы канал; Шымкент қаласы: Бадам, Қарасу, Қошқар, Қайнар бұлақ өзендері және "Рахат бадам" су қоймасы, Тоғыс, Текесу су қоймалары; Түркістан облысы: Арыс, Сырдария өзендері және Алтынбеков, Кенжалиев каналдары). 

- шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды ағызу орындарында 71 сынама зерттелді, тырысқақ вибрионы 28 сынамада бөлінді (Ақтау қ., Маңғыстау облысы, Орал қ., Шымкент қ.).

Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тырысқақтың ел ішінде әкелінуінің және одан әрі таралуының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті және олардың аумақтық бөлімшелері (ғылыми орталықтар, департаменттер, обаға қарсы станциялар) тырысқақтың, басқа да ішек жолдары инфекцияларының берілу жолдары мен факторларының әлеуетті қауіптілік дәрежесін ескере отырып, тұрақты эпидемиологиялық қадағалау жүргізеді. 

Медициналық ұйымдардың тырысқақты анықтауға, оқшаулауға және оның таралуын болдырмауға қатысты дайындығын қамтамасыз ету мақсатында республикада санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен 530 семинар өткізілді, оған 11 592 маман қатысты, оның ішінде дәрігерлер – 2 726, орта медицина қызметкерлері – 8 866, сондай-ақ тырысқақ бойынша 1 758 дәрігер, 5 753 орта медицина қызметкері арнайы нұсқаудан өтті. Бұдан бөлек, 606 медициналық мекемеде 2 260 дәрігер мен 7 548 орта медициналық қызметкерлерді қамтумен 547 оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. 

Тырысқақпен сырқаттанушылықтың эпидемиялық маусымының басталуына және осы инфекция бойынша қолайсыз елдерден тырысқақтың әкеліну қаупіне байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мынадай алдын алу іс-шараларын жүргізуде:

- мемлекеттік шекараның әуе, теңіз, теміржол және автомобиль өткізу пункттерінде шетелден келгендерді бақылау күшейтілді; 

- тырысқақ анықталған жағдайда жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша медицина қызметкерлері үшін семинарлар, жаттығу сабақтары үнемі өткізіледі; 

- инфекциялық стационарлардың науқастарды қабылдауға дайындығы, олардың уытсыздандыру, регидратациялау және ерекше терапия құралдарымен, бактерияға қарсы препараттармен жарақтандырылуы қамтамасыз етіледі; 

- тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

Рекреациялық су пайдалану суынан токсигенді емес штамдардың бөлініп шығуына қарамастан, халық шомылу кезінде абай болуға және жеке гигиена мен қауіпсіздікті сақтауды қоса алғанда, барлық сақтық шараларын орындауы тиіс. 

Холера-тырысқақ вибрионы тудыратын аса қауіпті, жіті ішек инфекциясы. Көбінесе Африка, Азия, Латын Америкасы елдерінде таралған, ауру жағдайлары барлық континенттерде тіркеледі, тырысқақ Қазақстанның барлық өңіріне кез келген уақытта әкелінуі мүмкін. 

Тырысқақпен тек адам ауырады. Инфекция көзі- ішек қозғалысы немесе құсу массаларымен бірге сыртқы ортаға тырысқақ вибрионын шығаратын науқас немесе вибрион тасымалдаушысы (клиникалық көріністері жоқ, денесінде тырысқақ қоздырғышы бар адам). 

Инфекцияны жұқтыру тырысқақ вибрионымен ластанған суды қолды, көкөністерді, жемістерді, ыдыс-аяқтарды, тұрмыстық заттарды жуу үшін және т.б. жағдайларда қолданғанда және шомылу кезінде пайда болады. 

Тырысқақ вибрионын жұқтыру кезіндегі инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 5 күнге дейін созылады. Ауру жіті түрде, әдетте түнде немесе таңертең басталады. 

Инфекцияның таралуы мен эпидемияның дамуының негізгі жолдарының бірі-су арқылы берілу жолы. Тырысқақ микробтарын тамақ өнімдеріне шыбындар әкелуі мүмкін. 

Ауру кенеттен басталады. Іштің кернеуі мен ауырсынуынсыз сұйық, жиі нәжіс пайда болады. Содан кейін құсу қосылады. Бірнеше рет сұйық нәжіс (іш өту) және бірнеше рет қатты құсу ағзаның айқын сусыздануына әкеледі. Егер уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе және дегидратацияны тоқтатпаса, науқас өліп кетуі мүмкін. Жағдайы нашарлайды, бұлшықет әлсіздігі, шөлдеу, ауыз құрғап, температура күрт төмендейді және т. б. 

Тырысқақтың алдын алу үшін қарапайым ережелерді қатаң сақтау керек:

- ішуге тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды қолданыңыз. Шикі судан дайындалған мұзды жеуге болмайды; 

- тек белгілі және сенімді тамақтану орындарына баруға тырысыңыз; 

- жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жуыңыз; 

- тамақ қауіпсіз болуы керек, сүт тек қайнатылған түрінде тұтынылуы керек; 

- тамақ өнімдерін, дайын тағамдарды, әсіресе сүт өнімдерін шыбын-шіркейлерден мұқият қорғау қажет; 

- тамақтанар алдында қолды сабынмен мұқият жуу, қолға арналған антисептиктерді (санитайзерлер)пайдалану; 

- тек бассейндерде немесе арнайы су қоймаларында шомылуға рұқсат етіледі;

- барлық су көздерін (құдықтар, бұлақтар, өзендер, су тарату колонкалары) ластанудан, әсіресе нәжіспен бүлінуден мұқият қорғау қажет; 

- күнделікті өмірде және өндірісте санитария мен жеке гигиена ережелері қатаң сақталуы тиіс;

- денсаулық жағдайы нашарлаған кезде немесе сапардан оралғаннан кейін міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

EL.KZ
Бөлісу: