Тұз бен қантты азайтқан жөн. Нейрохирург дәрігер қазақстандықтарға ескерту жасады

23 Тамыз 2023, 14:22 945

Жыл сайын 5 миллион адам инсульттан көз жұмады. Сол себепті ДДҰ инсультті індет деп жариялаған. Ал елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам осы дертпен тіркеледі.  Биылғы 6 айдың өзінде 21 мыңнан астам адам инсульт алған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қандайда бір адамның бетінің қисайғанын, тілінің күрмелуі мен қолын көтере алмағанын көрсеңіз шұғыл түрде 103 нөміріне хабарласу қажет. Себебі бұл инсульттің басты белгілерінің бірі. Дерттің белгілері білінген сәттен 4,5 сағат ішінде көмек көрсетіліп, арнайы операция жасалса оның ізі де қалмайды екен. Яғни ең жақын инсульт орталығына жүгініп үлгерсеңіз, ондағы «терапиялық терезе» қағидатымен жедел көмек көрсетіледі.

Қазір еліміз бойынша 79 инсульттік орталық жұмыс істейді. Ұлттық медицинаны шұғыл үйлестіру орталығы төрағасының орынбасары Ержан Әділбеков жүрек аурулары бар адамдар міндетті түрде скринингтен өткені жөн дейді.

Бұл індеттің ең қиыны - көбі сал болып қалады. Сондықтан инсультті емдеуден гөрі оның алдын алу қажет. Әр адам өз денсаулығына немқұрайлы болмаса екен деймін. Мәселен еліміздің кез-келген емханаларында 40 жастан асқан адамдарға скринингтен тегін өтуіне болады. Қан қысымы, қандағы холестерин, жүрек ауруларын тексереді. Гүлайым Медетова осыдан бір жыл бұрын инсульт алып, ауруханаға түскен. Операция сәтті өткенімен, жылға жуық төсек тартып жатты. Соңғы бірнеше айда дәрігерлердің көмегімен өздігінен отыруға жараған соң, Астанадағы оңалту орталығына келді, - деді ол "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.   

Ал нейрохирург дәрігер Шыңғыс Нұриманов тұз бен қантты азайтудың маңызына тоқталды.

Инсульт бір ғана ауру емес. Ол әр түрлі аурудың салдарынан туындауы мүмкін. Жоғары қан қысымы, жүрек аурулары, қант диабетіне шалдыққан науқастарда қауіп қатарына жатады. Тіпті дұрыс тамақтанбау мен артық салмақ, стресс және қозғалыстың аздығы инсуль қауіпін арттырады. Темекі мен ішімдікке әуес адамдар сақ болғаны жөн. Дәрігерлер инсульт жас талғамайтынын айтады. Сондықтан аурудың алдын алу маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану қажет. Ең бастысы күнделікті тұз бен қантты тұтынуды азайтқан абзал, - деді дәрігер.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: