Туыстарымда жер болса, мен әкім болмай тұрып алған шығар - Қызылорда облысының әкімі

7 Маусым 2023, 14:32 1979

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде туыстарының иелігіндегі жер телімдері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Жергілікті халықтың айтуынша, Қызылорда облысында сіздің туыстарыңыздың меншігінде көп жер бар көрінеді. Ол туралы не айтасыз?» деп әкімге сұрақ қойды БАҚ өкілі.

Облыс әкімі егер туыстарының бірі заңсыз жер телімін иемденген болса, онда  іс заң аясында қайтарылатынын айтты.

Сіз ол мәселе бойынша маған жазбаша сауал жолдаңыз. Болмаса, құқық қорғау органдарына да берсеңіз болады. Олар тексеріп, сізге ақпаратын береді. Мен сіздің сұрағыңызбен келіспеймін. Алса, кезінде заң аясында берілген. Қарапайым азаматтар үлескер ретінде алып жатыр ғой. Біз әкім болғанша, осыдан 20 жыл бұрын алған шығар. Ал басқа ондай иемденіп алып қойған жері жоқ. Жазбаша жолдасаңыз, міндетті түрде жауап береміз, - деді Н.Нәлібаев

Сондай-ақ, ол өңірде пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Баяндамамда айтып кеттім. Былтыр 157 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтардық. Биыл 200 мың гектардан артық жерді қайтарамыз деп жоспарладық. Оның ішінде біздің туыс бола ма, басқа бола ма, заңсыз алса, міндетті түрде мемлекетке қайтарылады. Оны менен басқа да органдар қарап, қадағалап отыр, - деді өңір басшысы.

Равиль Ашығали
Бөлісу: