Тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі енді жәбірленушінің шағымынсыз-ақ қаралады

23 Мамыр 2023, 10:32 1386

«Бұйрық қатты, жан тәтті». 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жәбірленушінің шағымынсыз тіркемек. Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, енді жәбірленуші арызданбаса да, полиция әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті.

Әрине, бұған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмені түрткі болып отыр. Былтыр­ғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін жа­за­ны қатаңдатуды қадап тапсырды. Артынша Парламенттің төменгі палатасында арнайы жиын өтіп, «Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған-ды. Жалпы, Президент бұл заңды қатайту жөнінде алтыншы мәрте сөз қозғады. Осының өзінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл түйткілге баса назар аударып отырғанын көруге болады.

Сандар сөйлегенде

Жанжалдың арты жиі зорлық-зомбылыққа ұласатын отбасылар аз емес. Зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда елімізде тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асыпты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық іс күрт көбейген. Тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өсіпті. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерге сенсек, ересектердің 75 пайызы балаларды  тәрбиелеймін деп, қол жұмсайды екен.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның күшейтілуі әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қуантып отыр.

«Мұны біз бұрыннан күтіп жүрдік»

Тараптарды татуластыруға, өтініш жазуға қатысты дәл осы заң нормасына келсек, әрине, бұл өте жақсы іс болды. Мұны біз бұрыннан күтіп жүрдік. Осы заңмен жұмыс істеп жатқан кезде жұмыс тобында айтқан едік. Бұл норма  заңсыз жұмыс істемейді. Мәселен, бұрын арыз жазылу керек болатын. Енді қайтарылмайтын үрдіс болды. Бұрын бір әйелден жылына бір-екі мәрте арыз түсетін болса, енді бір адамның үстінен он шақты арыз түсіре алады, – дейді  «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Смаилова. 

Оның пікірінше, бұл әлі де жеткіліксіз шара. Заңды барынша қатаңдата түсу керек.

Арыз түскен соң, әкімшілік сот болады. Қорғау тәртібі шығарылады. Бәрі қайтадан басталады. Ол жиырма тәулікке қамалып шығады. Жиырма күн абақтыда отыру жақсы емес екенін түсінген агрессорлардың 20 пайызы сабасына түседі, – дейді Дина Смаилова.

Қол көтеруді қоймағандарды қайтеміз?

Бұдан бөлек, бұл жазаға да айылын жимайтындар да бар. «НеМолчиKZ» қорының пікірінше, ішімдік ішетін, есірткіге үйір, әйелін қатігездікпен ұрып соғатындар бәрібір сабырға келмейді.

Оларға қандай шара қолдану керек? Қорғау тәртібі жұмыс істемейді. Сонда не істеу керек? Қорғау тәртібін бұзғандарға қылмыстық мерзімге кесілуі тиіс. Бұл бізде қарастырылмаған. Қорғау тәртібін бұзса, тек қана айыппұл төлеп құтылады немесе аз күнге отырып шығады. Шыққан соң, баяғы әуенін қайта бастайды. Одер бағдарламасына келсек, ол өз еркімен психикалық түзеуге барғысы келетін агрессорға арналған. Мұны өзі қалауы тиіс. Бізде күшпен көндірмек. Сондықтан нәтижесі болмайды. Әсіресе, ішімдікке салынып, әбден азған агрессорға, - дейді Дина Смаилова.

Десе де, ол ішкі істер министрлігінің  әрекетіне, зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды қатайтуға деген ұмтылысына оң баға беріп отыр.

Енді өзіне тәуелді адамдарға зорлық-зомбылық көрсету ауыр қылмыс болып есептеледі. Бір кемшілігі, оған тәуелді екеніңді дәлдеуің керек. Мәселен, таяқтан көз ашпай келе жатқан әйел өзінің тәуелді екенін қалай дәлелдемек? Мәселен, ол әйел өзі жұмыс істейді, өзін-өзі асырайды. Сондықтан тәуелді екенін дәлелдей алмайды. Заңда «отбасылық-тұрмыстыс қатынаста» деп көрсетілмеген. Жақсы адвокадтар: «Бұл әйел оған тәуелді емес. Ересек әйел. Одан кетіп қалуына болады» деп ақтап ала алады. Менің ойымша, қорғау тәртібі сақталуы тиіс. Оны бұзғандар үшін, ұрып-соғып, жеңіл жарақат салғандар үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, – дейді «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі.

«Әйелдер соққыға жығылып, өліп те кетіп жатыр»

Заңды әлі де жіті қарап, қатаңдата түсу керек екенін халық қалаулылары да мойындап отыр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза осы заңның ішіндегі түйткілдер болса, қайта қарау керек деп есептейтінін айтты.

Тұрмыстық зорлыққа өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Сондықтан бұл заңды барынша қатайту керек деп есептеймін. Қоғамда әйелдер соққыға жығылып, отбасылық зорлық-зомбылықтан өліп те кетіп жатыр. Өкінішке орай, полицияға арыз түсірген деректерді ғана анықтай аламыз. Қаншама әйел «жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып», айтпай, үндемей шыдап, жасырып жүр. Бұл жағдайлар балаларға да, отбасыға да әсер етеді, - дейді депутат.

Самат Нұртазаның пікірінше, бұл келеңсіз жайтпен бүкіл қоғам күресуі керек. Себебі, әлімжеттік, қол жұмсау көбейіп кеткен.

Кейде күйеуі әйелін ұрып-соғады. Әйелі полицияға барып арызданады. Бірақ біраз уақыт өткен соң әйелі кешірім беріп, арызын қайтарып алады. Бұдан кейін ұрып соққан адам жазасын алмай кетеді. Полицияның тәжірибесінде бұл жайт өте жиі кездеседі. Сондықтан да бұл жерде нақты заң болуы керек. Бүгін ұрып, ертең кешірілуіне өз басым қарсымын. Ұратын адам үнемі ұрады. Бұған тосқауыл болатындай заңның күші керек, – дейді депутат.  

Сәкен Арыс
Бөлісу: