Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Мәжілісте БҚО тұрғындарына киіктен төніп отырған қауіп туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен БҚО-да ақбөкен саны жыл санап артып келе жатқандығын алға тартып, тіпті Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала және Бәйтерек секілді жеті аудан киіктің тұрағына айналғанын тілге тиек етті.
Ғалымдарының биологиялық негіздемесі бойынша, БҚО ең көп дегенде 500 мың бас киікті сыйдыра алады. Ресми дерекке сүйенсем, 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 млн-нан асқан. Алдағы екі жылда киіктің саны 5 миллионнан асады деген болжам бар. Батыстағы ақбөкеннің санын реттеуге келгенде жауапты органдар мойындарына жауапкершілік алғысы келмейді. Қоршау жасап қорғауға да құлықсыз тиісті мекемелер. Киіктің киесі ұрмасын десек, биыл нақты шешім қабылдау қажет, себебі ақбөкенмен адамды жайылымға таластырып тастап кетудің салдары ауыр болуы бек мүмкін, - деді ол.
Қазір жағдай ушыққан көрінеді. Жайылымды киік жайпап кеткен соң тұрғындар малын жаппай сатып, ауылдарын тастап көшуге айналған. Бұл мәселе былтыр да болған. Сол кезде шаруаларға көмек болсын деп жергілікті бюджеттен қаражат та бөлінген. Ал биыл оны еселеу керек, алайда облыс бюджетінің шамасы келмейді.
2023 жылы БҚО-дағы 921,7 мың га жерді киік таптап тастаған, оның ішінде егістік алқап, шабындық пен жайылым жер бар. Салдарынан 2024 жылы БҚО-ның 4 ауданында (Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов) төтенше жағдай жарияланды. Халықтың алдындағы малы қырылып қалмасын деп, облыстық бюджетке қол салуға тура келді. Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,2 млрд теңге бөлінді. Бұл бір реттік шара. Биыл ақбөкеннің саны артып, былтыр тұяққа тапталған жердің тақырға айналатынын ескерсек, шаруалардың шаруасы шатқаяқтап қалмауы үшін аталған қаржыны екі еселеуге тура келеді. Бірақ қазір оны облыстың бюджеті көтере алмайтыны анық, - деді депутат.
Бұдан бөлек киіктің өлімі де көбейген. 2024 жылы БҚО-да 5598 киіктің өлексесі табылды (анықтама: 2022 жылы – 390 төшке (аталық – 191, аналық – 64, төлі – 135), 2023 жылы – 1336 төшке (аталық – 663, аналық – 341, төлі – 332), 2024 жылдың басынан бастап – 5598 төшке (аталық – 1146, аналық – 4452). Ал мұның өз қаупі бар.
2010-2011 жылдардағы пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупін мамандар жоққа шығармайды. Одан бөлек, киіктердің үй жануарларымен бірге жайылуынан листериоз, аусыл, бруцеллез сынды аурулар пайда болуы мүмкін дейді мамандар. Мыңдаған киіктің өлексесі далада түрлі ауруға себеп болмасын деп, мамандар оларды ауылдардағы мал молаларына тастауда. Салдарынан қазір елді мекендердегі мал молалары толып қалған, киік тұрмақ, ауылдың өлген малын тастайтын жер жоқ. Қазір өлген киікті де, малды да азаматтар өртеуге мәжбүр. Мұның соңы қандай болуы мүмкін екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар, - деп қосты Сәрсенғалиев.
Депутат ақбөкеннің санына қатысты ағайынның арызы Мәжілісте бірнеше рет айтылғанымен, Үкімет үкім етуге асықпай отырғанына налыды.
Орталық мемлекеттік органдар проблеманы көрмегендей кейіп танытып, жұрттың жанайқайын жылы жабуға тырысатындай. 2023 жылы киік санын реттеуді қолға алған Үкімет жарты жылдан соң ол әрекетін сап тыйды. Ағайын ақбөкенмен бетпе-бет қалып кетті. Былтыр мемлекет басшысы қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салғанын бәріміз көрдік. Расында киіктің киесі барын қазақ жақсы біледі. Сондықтан қарапайым халықтың шаруасынан шашау шығармайтын және ақбөкеннің обалына қалмайтын, ұлан ғайыр даланы киік үшін оқ пен оттың ортасы қылмайтын ортақ, нақты шешім қабылдау қажет, - деді ол.
Нартай Аралбайұлы осы орайда бірқатар ұсынысын жеткізген: