Түркиядағы апат аймағынан 78 қазақстандық оралды

20 Ақпан 2023, 17:16 1036

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Түркияда қуатты жер сілкінісі орын алған сәттен бері Сыртқы істер министрлігіне шетелдегі мекеме арқылы 1,2 мыңнан астам отандасымыздан өтініш түсті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде апат аймағында қалған 190-нан астам отандасымыздың тұрғылықты жері анықталды. Инфрақұрылымның бүлінгенін, тұрғын үйлердің апатты жағдайын немесе толықтай қирағанын ескере отырып, дипломаттарымыздың жәрдемімен отандастарымызды Анкара мен Ыстанбұл қалаларына, қауіпсіз жерге орналастыру үшін автобустар ұйымдастырылды. Ыстық тамақпен, тұрғылықты орынмен қамтамасыз етілді», - деді ол ведомствода өткен апталық брифинг барысында.

Оның айтуынша, кей азаматтарға Қазақстанға дейін әуе билетін сатып алуға көмек көрсетілген.

«Отанына оралуға ниет танытқан апат аймағындағы 78 азаматымыз гуманитарлық әуе кемелерімен Астана және Алматы қалаларына ұшып келді. Дәл осы борттармен Қазақстанға Қырғызстанның 24 азаматы және отанына оралған қазақстандықтардың отбасы мүшесі саналатын Түркияның 5 азаматы жеткізілді», - деді Айбек Смадияров.

EL.KZ
Бөлісу: