Түркияда Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар өтті

18 Желтоқсан 2022, 13:55 2023

Шара концертпен аяқталды

Ыстанбұлда орналасқан Қазақстан мәдениет және сауда орталығы мен Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай азаттық жолында күрескен қайраткерлерді еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел өз сөзінде түрік халқы үшін тамыз айы қандай ерекше болса, қазақ халқы үшін желтоқсанның сондай қастерлі екенін айтты. Тәуелсіздік күнінің терең мағыналы танымдық шаралармен атап өтіліп жатқанына назар аударды.

Қазақ диаспорасының жетекшілері мен белсенді қазақстандықтардың басы қосылған шарада профессор Әбдіуақап Қараның «Түркістан тәуелсіздігінің жетекшісі Мұстафа Шоқай» атты кітабының түрікше нұсқасының тұсаукесері өтті. Кітап Түркияның Мәдениет министрлігі Түркия Республикасының 100 жылдығына орай әзірлеген биографиялар сериясы аясында шыққан. Сондай-ақ, шара шеңберінде Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, шаралар легі аясында Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы және Ыстанбұл Бақыркөй ауданы муниципалитетінің қолдауымен «Дала дауысы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде өнерсүйер қауымның назарына Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жәдігерлері ұсынылды.

Көрменің ашылуына Бас консул Әлім Байел, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова және Бакыркөй ауданының басшылығы, студенттер, жергілікті қандастар, БАҚ өкілдері мен өнерсүйер қауым қатысты. Өз сөзінде Бас консул Ә. Байел көрменің мақсатының келушілерді түбі бір түркі халықтарының тарихымен, музыкалық мәдениетімен таныстыру екендігін атап өтті.

Көрмеде Құрманғазы, Абай, Жамбыл, Ақан сері домбыраларының, Ықылас Дүкенұлының қобызының көшірмелері де орын алған. Көрмеге келушілерге қазақ домбырасының қоңыр үні тыңдатылып, ұлттық тағамдардар ұсынылды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында Сакарья университетінде көрнекті жазушы М.Әуезовтың 125 жылдығына арналған конференция ұйымдастырылды. Шараға Бас консулдық дипломаттары, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С.Раев, Сакарья университетінің басшылығы, қазақ студенттері қатысты. Конференция аясында З.Қабдоловтың түрік тіліне аударылған «Менің Әуезовым» кітабының тұсаукесері өтті. Шара концертпен аяқталды.

EL.KZ
Бөлісу: