Түркияда қымыз фестивалі өтті

23 Мамыр 2023, 21:53 1541

Іс-шараны ТҮРКСОЙ ұйымы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Анкарадағы Елшілігімен бірігіп ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көшпенділердің дәстүрлі сусыны – қымызға арналған «Қымыз Fest» халықаралық фестиваліне ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Астана қаласынан «Ұлы тағзым» қоғамдық ұйымы директорының орынбасары Нұрлан Омаров, Дүниежүзі қазақтарын дамыту қорының төрағасы Ерлан Байын, қазақ диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері, қазақстандық студенттер, Анкараның жергілікті халқы мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

Фестивальдің ашылуында сөз алған Қазақстан Елшісі Е. Сәпиев қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптейтін мұндай фестиваль биыл Анадолының жүрегі Анкарада алғаш рет өткізіліп отырғанын, жалпы қымыз түркі мәдениетінің маңызды бір бөлігі болып табылатынына назар аударып, Қазақстанда «Қымыз Fest» мереке ретінде аталып өтілетінін баяндады.

Бас хатшы С. Раев өзінің сөзінде «бүгін Түркі әлемінің ортақ дәстүрі болып табылатын дәмді қымыз сусынын таныстыру мақсатында осындай фестивальдің алғаш рет ұйымдастырылып отырғанына қуанышын білдіріп, қымыз – түркі халықтарына ғасырлар бойы серік болған жылқы сүтінен жасалған, қымыз-қазақ-қырғыз ажырамас ұғымдар» екенін атап өтті.

Н. Омаров сөзінде бүгінгі қымыз мерекесі алғаш рет ресми түрде Қазақстаннан тыс бауырлас Түркия елінде өтуі екі бауырлас елдің тарихында із қалдыратын оқиға екенін, «Қымыз мерекесі» Еуропа мен Қытай елдерінің тарихшылар мен саяхатшыларының жазба деректерінде жазылғанын және жалпы түркі халықтарының ең басты мерекесі болып табылатынын баяндады.

Іс-шара барысында қатысушылар қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың әзірлену жолдарымен танысты. Алдыменен желбау тартылды, құлындар байланды, бие сауылды, саумал күбіге құйылды, қымыздың әзірлену жолдары көрсетілді. Фестивальге қатысқан қонақтарға қымыз бен қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды және қазақтың әні мен күйі орындалды.

Қымыз фестивалі келген қонақтар мен жергілікті халық тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды. Қазақстан мен Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.

Перизат Саденова
Бөлісу: