Түркияда қылмыстық топ 21 нәрестені өлтірген

23 Қазан, 11:35 852

Түркияның денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоглу «жаңа туған нәрестелер ісі» аясында 10 клиниканың жабылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Прокурорлар 20-дан астам сәбидің өліміне себеп болған топты ұстады. Оның сөзінше, 22 адам қамауға алынған, бұл сан әлі де артуы мүмкін.

Anadolu агенттігі прокуратура сотқа 47 адамға қатысты іс жолданғанын, оларға 10 жылдан 589 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін алға тартты.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Түркия билігі перзентханалардағы мұндай былық туралы 2023 жылғы наурыз айында естіген.

Біз құпиялылықты сақтай отырып жұмыс істедік, клиникалар нәрестелерді ешқайда жібермеуін қадағаладық. Прокурорларымыз тергеу жүргізуге көп уақыт жұмсады. 2024 жылғы 26 сәуірде бұл бандаға қарсы операция жүргізілді. Нәтижесінде 41 адам ұсталып, соның 22-сі қамауға алынды. Бүгінде біз 10 клиниканы жаптық, - деді Мемишоглу.

Қылмыстық топ бірнеше бап бойынша айыпталуда: қасақана адам өлтіру, алаяқтық, қылмыстық топ құру, ресми құжаттарды қолдан жасау.

Қаскөйлер ата-аналарды түрлі себептер айтып балаларын жеке клиникаларға жатқызуға мәжбүрлеген. Олардың сол клиникалармен өзара келісімдері болған. Ал қызмет көрсету мемлекеттік мекемелерге қарағанда анағұрлым қымбат болған. Прокуратура барлығы осындай 19 клиниканы анықтады. Бұл клиникаларда нәрестелерге ешкім қарамаған, салдарынан түрлі жұқпалы аурулар жұқтырып, оның соңы өлімге әкелген. Одан қалды онда біліктілігі төмен медицина қызметкерлері жұмыс істеген. Сөйте тұра олар ата-аналардан қызмет үшін қомақты қаражат алып отырған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: