Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі құрбандарының саны 21 мыңнан асты

10 Ақпан 2023, 13:13 1602

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінің төртінші күні қаза тапқандар саны 21 мыңнан асты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі TRT телеарнасына сілтеме жасап.

Түркия вице-президенті Фуат Октай табиғи апаттан қаза тапқандар саны 17 674-ке, жараланғандар саны 72 879-ға жеткенін айтты.

Көршілес Сирияда кем дегенде 3 377 адам қаза тапты. Екі елде опат болғандардың жалпы саны 21 051-ге жетті.

Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Сондай-ақ Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді.

Осыған дейін Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.

Осыған дейін Түркияда жоғалған қазақстандық  Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің денесі табылғандығын хабарлаған болатынбыз.

EL.KZ
Бөлісу: