Түркістандық шаруалар қырыққабат егуді бастап кетті

24 Қаңтар, 21:01 876

Түркістан облысы Келес ауданының шаруалары диқаншылықты бастады. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқаны Ақтөбе ауылдық округінің Бозсу, Қияжол, Ескіқорған ауылында қызу жүруде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде «Әділбек-Е» ЖШС-не тиесілі 20 гектар аумаққа қырыққабаттың ерте пісетін түрі Фарао сорты егілуде.

Оқи отырыңыз: 

Диқаншылық - ата кәсібіміз. Жастайымыздан ата-анамыз еңбекке баулып, егіншілікпен айналысуды үйретті. Енді міне, осы шаруашылықты дамытып, жерімізге дақылдарымызды егіп келеміз. Жалпы 15 жылдан бері көкөністің қырыққабат түрін егіп, қара қазанымызды қайнатып жүрміз. Көшеттерді үй ауласындағы жылыжайда дайындаймыз. Жеріміздің құнарлы болуына және климаттың ыңғайлылығына байланысты жылына ашық алқаптан 2 немесе 3 өнім алуды да жолға қойдық, - дейді шаруа Ержігіт Қалықұлов.

Келес ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы келестік шаруалар 26 мың гектардан аса суармалы жерге егін егіп, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 543 мың тоннадан асқан. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында бүгінгі таңда 66 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және 5681 дана шаруа қожалықтары жұмыс атқарады.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: