Түркістандағы түбі тереңде жатқан былық туралы депутаттар ашық үндеу жолдады

20 Желтоқсан 2023, 16:32 4802

Депутат Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай Түркістандағы түбі тереңде жатқан былық туралы премьер-министр Әлихан Смайылов пен бас прокурор Берік Асыловқа ашық үндеу жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттардың сөзінше, ашық үндеу Түркістан облысынан келіп жеткен көпшіліктің арызынан анықталған жергілікті органдардың күмәнді әрекетіне байланысты болып отыр.

Бұл жағдайларды көптің сөзінен ғана емес, біз барып, өз көзімізбен көріп білгеннен кейін өздеріңізге баяндауды жөн көрдік. Түркістан қаласындағы аумағы 2100 шаршы метр болатын неке сарайын 2021 жылы жекенің жемсауы еткен. Жем сау емей немене, егер кәсіпкер басқаруындағы нысаннан өткен жылы бюджетке 15 мың теңге аударса, 15 миллион емес, 15 мың теңге. Ал талап бойынша ол табысының кем дегенде 50 пайызын қазынаға құюға міндетті еді. Сонда неке сарайының ішіндегі қызмет көрсету сұлулық салондары, той ұйымдастыру орталығы, фото-видео студиялары дәріханалардың барлығы жабылып бір жылдың ішінде 30 мың теңге пайда тапты дегенге кім сенеді? Тексеру керек деп ойлаймыз, – дейді депутаттар.

Сонымен қатар, мәжілісмендер «ЮНЕСКО клубының құрамында тұрған жүздеген деген баланы тәрбиелеп отырған жалғыз қолөнершілер мектебі мейрамханаға айналып кетсе, мәдениетімізге және  ұлттық құндылықтарға мұрагер болатын ұрпақтың болашағына балта шабу емей немене? Хас шеберлер қазір қаңғып далада жүр», деді.  

Дәл соған ұқсас қазақ шеберлерінің көрнекті көрмесіне айналады деген «Визит» орталығының да айналасында қазір үлкен дау туып жатыр. Жекешеленген нысан айқай-шудан кейін қайта мемлекетке өткен. Бірақ сол орталықтың өзін мемлекет сенімгерден миллиондаған теңге коммуналдық қарызымен қайтарып алған. Мекемені біреу меншігіне алады, көл-көсір пайда табады, сосын «су мен жарыққа кететін шығынды өзің төлеп ал, мә» деп мемлекетке қайтара салады. Біздің мемлекет оны «ләппай» деп ала салады, – дейді депутат Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай.

Депутаттар бұл мәселелерге кешенді тексеру жүргізу қажеттігін айтады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: