Түркістанда Республика күніне орай 120-дан астам іс-шара өтеді

23 Қазан, 03:21 403

Түркістан облысында Республика күні мерекесіне орай барлық аудан мен қалаларда 121 іс-шара өткізілмек. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Спикер өз сөзінде Республика күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада Мемлекеттік ту көтеру рәсімін өткізсе, бұл іс-шара Түркістан қаласындағы Рәміздер алаңында өз жалғасын табатынын атап өтті. Сондай-ақ, 24 қазан күні елдің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу мақсатында мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» шығармашылық челленджі, сонымен қатар табиғаттың көркем жерлерінің, тарихи нысандардың фотосуреттерін жариялайтын «Көрікті Қазақстаным» челленджі өтеді. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында жаңа әлеуметтік маңызы бар 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мысалы, 23 қазан күні  Мақтаарал ауданындағы  Өркениет елді мекенінде шағын спорт кешені, Түркістан қаласындағы Баянауыл елді мекенінде 600 орындық мектеп, Сауран ауданындағы Ораңғай ауылында №6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданындағы Дарбаза елді мекенінде спорт кешені, Жаңа тұрмыс, Тың және Жемісті елді мекендерінде 3 дәрігерлік амбулатория ашылады. Ал, 24 қазан күні Келес ауданындағы Жиделі ауылында 75 орындық ауылдық клуб үйі ашылмақ.

Облыс аумағында Ұлттық мереке ұлықталған мерекелік іс-шаралар да өткізілмек. Жыл сайынғы дәстүрге айналған халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндер фестивалі де Республика күніне арналып отыр. Беделі биік байқауға әлемнің 16 елінен 16 үміткер қатысып, бақтарын сынауда. Ал, 23-қазан күні Қазығұрт ауданында жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығына орай «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өткізілмек. Бұл туралы Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев тілге тиек етті.

22-25 қазан күндері аудан-қалалардағы орталық алаңдарда Республика күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. 23-25 қазан аралығында облыстық музейлерде мерекеге орай танымдық және мерекелік кеш, сурет байқаулары өтеді. 23 қазан күні «Ұлттық ұлан»  әскери кешенінде «Фараб» әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен  «Қыран елім-Қазақстан» атты мерекелік кешін өткізу жоспарланып отыр» - деді басқарма басшысы.

Зарина Арман
Бөлісу: