Түркістанда қытайлық инвесторлармен кездесу өтті

Бүгiн, 08:40 165

Түркістан облысында Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы Халық Үкіметі Сыртқы Істер басқармасы директорының орынбасары Цзи Вэнькуй мырза бастаған делегация өкілдерімен G2B форматында келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қытайлық кәсіпкерлермен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Кездесуде аймақ басшысының орынбасары Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын таныстырды. Ол өңірдің еңбекқор халқы мен жаңа жобаларды бастау мүмкіндіктерін атап өтіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы перспективаларды түсіндірді.

Әкімдік ұсынған мәліметке сйүенек, қытайлық инвесторлармен құрылыс, тыңайтқыш өндіру, ауыл шаруашылығы, мақта өсіру, сауда орталықтарын ашу және демалыс аймақтарын дамыту жобалары талқыланды. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды.

Шетелдік инвесторлар Түркістан облысында қалыптасқан қолайлы инвестициялық климатқа алғыстарын білдіріп, бірқатар кәсіпорын басшыларымен кездескен болатын. Кездесулерден кейін отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар B2B форматында тәжірибе алмасты.

Кездесу алдында шетелдік кәсіпкерлер Түркістан облысының өндіріс алаңдарын аралап, шағын өнеркәсіп аймағындағы кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, биыл 8 шілдеде Түркістан облысы делегациясының ҚХР-на іс сапары барысында Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында «Бауырластық  меморандумына» қол қойылған болатын.

Зарина Арман
Бөлісу: