Түркістанда “Достық көпірі” жастар форумының ашылу салтанаты өтті. Шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту, жұмысшы мамандықтардың дамуын талқылау және жастар арасындағы байланысты арттыруға бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік орган өкілдері мен жетекші мамандары, белсенділер және жас кәсіпкерлер қатысты.
Форумда Қазақстан мен Өзбекстаннан келген сарапшылар тарапынан панельді сессия “Еңбек мамандықтарының болашағы” жөнінде мәліметтер берілді. Сондай-ақ, панельді сессияда еңбек нарығындағы өзгерістер, жаңа технологиялардың әсері және жастардың болашақ мамандықтарына деген көзқарасы туралы пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Бұдан өзге басқосуға қатысушылар еңбек нарығына жасанды интеллекттің әсерін ерекше атап өтті. Олар жұмысшы мамандықтардың жаңа технологиялық жағдайларға бейімделуін талқылап, еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту бойынша өз ұсыныстарын айтты.